Оңтүстік Кореяда Орталық Азия елдерінен барған азаматтардың жаппай төбелесі тергеліп жатыр
Оңтүстік Кореяның Пхёнтхэк қаласында Орталық Азия елдерінен барған азаматтар арасында жаппай төбелес болды. Полицейлер жанжал Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары арасында шыққан деген болжам жасады.
Астана, NEGE. Yonhap агенттігінің хабарлауынша, төбелес 3 қазанға қараған түні Пхёнтхэк қаласының Пхосын ауданындағы балалар саябағында болған.
Куәгерлер бастапқыда төбелеске шамамен 40 адам қатысқанын айтқан. Алайда полиция маңайдағы бейнебақылау камераларын қарап, төбелеске нақты 15 шақты адам қатысқанын анықтаған.
«Оқиға орнында 20 жастағы екі ер адам ұсталды. Олар – Ресей және Қырғызстан азаматтары. Екеуі де жарақат алған. Жеке басы анықталғаннан кейін олар ауруханаға жеткізілді. Қалған қатысушылар іздестіріліп жатыр. Олардың азаматтығы мен елде болу мәртебесі әзірге анықталған жоқ», – деп хабарлады агенттік.
Қалған күдіктілер оқиға орнынан көлікпен қашып кеткен. Полиция олардың көліктерінің мемлекеттік нөмірлерін тексеріп, бейнебақылау жазбаларын зерттеп жатыр.
«Төбелеске қазақстандықтар да қатысқан болуы мүмкін» деген ақпаратқа Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, Пхёнтхэктегі жаппай төбелеске қатысушылардың ішінде жеке басы анықталғандар мен ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ», – деп мәлімдеді СІМ өкілдері.
Оқиға орнынан шегесі бар қару табылды деген ақпарат тараған. Алайда полиция бұл мәліметті жоққа шығарды. Тергеу барысында оқиға болған жерде қалған заттар кәдімгі ағаш таяқ пен бейсбол таяғы екені анықталған.