14 Қазан 17:17
...

Оңтүстік Кореяда 15 мың Қазақстан азаматы заңсыз жүр

Корея жұмыс
Фото: ғаламтордан

Оңтүстік Кореяда 15 мың Қазақстан азаматы заңсыз жүр, деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Алматы, NEGE. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін Оңтүстік Кореядағы Қазақстан азаматтарының заңды жұмыс істеуіне жағдай жасау туралы сұрақ қойылды.

«Еліміздің мемлекеттік органдары біз даярлаған құжат жобасына келісімін берді. Ол келісімшарт ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы Кореяға жолданды. Қазір оны сол елдің мемлекеттік органдары қарастырып жатыр. Бұдан бөлек, Корея Республикасының Президенті Қазақстанға сапармен келген кезде, екі елдің министрліктері тиісті меморандумға қол қойды. Осы орайда тиісті құжаттарды алмасу іске асырылып жатыр», - деді С.Жақыпова.

Оның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Оңтүстік Кореяға барған.

«Олар біздің мемлекетке үш талап қойып отыр. Біріншіден, Кореядағы елшілікте аталған жұмыстармен айналысатын атташе лауазымын енгізу керек екенін айтты. 15 мыңға жуық Қазақстан азаматы сол елде заңсыз жүр. Олар «15 адамды Қазақстанға шақыртыңдар» деген талабын жариялады. Келесі талабы халықаралық сертификатқа қатысты. Бұл тұрғыда қазақстандықтар Корея Республикасына жұмыс істеуге барарда сертификация рәсімдерінен өтуі керек. Біз үш өңірде жаңа орталықтарды дайындап қойдық. Алматыда ол кісілер өздері келіп, қарап кетті. Айта кету керек, біз барлық талапты орындадық. Енді қазір барлық рәсімдерді күтіп отырмыз», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан азаматтарын қайтару кезінде ешқандай әкімшілік әрі құқықтық міндеттемелер қойылмайды. Егер олар қазір келіп, әуежайдан билет сатып алып келсе, жауапкершілік болмайды.

Сонымен қатар ведомство басшысы Қазақстан азаматтарының заңды түрде жұмыс істеуіне қатысты іс-шаралар жыл соңына дейін аяқталуы мүмкін екенін айтты.