Оңтүстік Корея парламенті президентке импичмент жариялауды қолдады
Оңтүстік Корея парламенті президентке импичмент жариялау туралы құжатқа дауыс берді.
Алматы, NEGE. 14 желтоқсан күні дауыс беру кезінде парламент президент Юн Сок Ельге импичмент жариялауды қолдады.
Импичментті 300 депутаттың 204-і қолдаған, 85-і қарсы болған. Дауыс беру нәтижесі президент партиясының бірқатар депутаттары да президент Юн Сок Ельді қызметтен шеттетуді қуаттағанын айғақтайды. Басқарушы партияның жетекшісі Хан Дон Хун осыған дейін құжатқа қарсы болса, қазір құжатқа дауыс беруге үндеген.
Оңтүстік Корея парламенті аталған құжатты алғаш рет бір апта бұрын қарап, құжаттың қабылдануына бірнеше дауыс жетпей қалған еді.
Енді президент қызметінен уақытша кетуі керек. Конституция соты 180 күн ішінде оны қызметінен түбегейлі штету немесе өкілетін қалпына келтіру бойынша шешім қабылдауы керек. Президенттің міндетін уақытша премьер-министр атқармақ.
3 желтоқсанда президент Юн Сок Ель елде әскери жағдай енгізген. Ол мұны конституциялық құрылымды "коммунистік күштерден" және Солтүстік Кореядан төнген қауіп-қатерден қорғау үшін қажет шара деп түсіндірген.
Бұдан кейін әскер парламентке басып кірмек болып тұрған шақта депутаттар әскери жағдайды алып тастау туралы шешімге дауыс беріп, шешімнің күшін жойды. Осыдан кейін президент парламент шешімін мақұлдауға мәжбүр болған. Ізінше президент пен оның айналасындағылар бүлік жасамақ болды деген күдікке ілініп, оппозиция президенттің отставкасын талап еткен.
7 желтоқсанда президент эфир кезінде өзінің әрекеті үшін кешірім сұрады. Негізгі шенеуніктер, арасында қорғаныс министрі Ким Ен Хен де бар, отставкаға кетті. Ізінше Км тұтқындалды. Бүлікке қатысты тергеу басталды. Мемлекетке сатқындық жасады және билік өкілетін асыра пайдаланды деп айыпталған Юн Сок Ельге елден кетуге тыйым салынды.