12 Маусым 12:18

Онлайн саудадан алданып қалды

Фото:

Түркістан облысында полиция қызметкерлері онлайн-алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні қолға түсірді,  деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы, NEGE. Кентау қалалық ПБ-нің кезекші бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданып, автокөліктің қосалқы бөлшектерін сатып аламын деп алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді.

Жәбірленушінің айтуынша, ол “WhatsApp” мессенджері арқылы “Камаз” автокөлігінің дөңгелегін сату туралы хабарландыруды көрген. Содан жәбірленуші ер адам сатушымен хабарласады. Сатушы болса, хабарласқан тұрғынның сеніміне кіріп, 20 дана дөңгелекті 800 мың теңгеге сатуға уәде берген. Алайда, жәбірленуші сатушыға 200 мың теңгеге жуық қаржы аударғаннан кейін, алаяқ уәдесін орындамай, жоқ болып кеткен.

Аталған жайт полиция қызметкерлерімен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, күдіктіні ұстау бойынша қажетті шаралар қолға алынды. Қылмысты ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел-іздестіру іс-шараларының қорытындысына сәйкес Кентау қаласының полиция қызметкерлері күдіктіні көрші облыстан ұстады. Ол Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты.

Кентау ҚПБ-нің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері жігіттің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтайды. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтарға алданбау үшін мұқият болуға және тым сенгіш болмауға кеңес береді. 

Бейтаныс адамдарға Төлем жүйелері арқылы ақша аударсаңыз, оларды қайтару кепілдігіңіз жоқ екенін есте сақтаңыз. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болған болсаңыз, онда тез арада “102” телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.

Тегтер: