13 Қараша 15:22
...

«Өнерім – өмірім, радио – серігім»: Радио журналистің кітабы жарық көрді

Шалқар радиосы
Фото: Nege

Ұлттық кітапханада белгілі радио журналист, Мәдениет саласының үздігі Гүлмира Нәлібайдың «Өнерім – өмірім, радио – серігім» атты кітабының тұсаукесері өтті.

 Алматы, NEGE. Кешті талантты ақын, журналист Талант Арғынғали жүргізді. Кітаптың тұсауын кескен танымал композитор, «Дос-Мұқасан» тобының негізін қалаушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Құсайынов: «Бұл кітап құндылығымен ерекше. Себебі, әуе толқында журналист алдына келген кейіпкердің өзін, ішкі жандүниесін ашу үшін тұшымды сұхбат алады. Мұны көбі радиодан тыңдай алмай қалуы мүмкін. Тек алтын қорда сақталады. Сондықтан сыр-сұхбаттың қағаз бетіне түсіріліп, кітап болып шығуы өте құптарлық іс», – деді Мұрат Құсайынов.

Шалқар радиосы
Nege

Бұдан кейін ардагер радио журналистер Аманжан Еңсебаев, Сауық Жақанова сөз сөйлеп, көз алдында өскен, тәжірибе жинақтап, бүгінгі жетістікке жеткен шәкірті туралы жылы лебізін жеткізді.

Ал талантты қызды өмірге әкелген ата-анасы: «Бала жетістігі – ата-ана қуанышы. «Адамның бақыты – балада» деген халық даналығы текке айтылмаған. Біз қызымыздың әрбір жетістігіне қуанамыз. Ол біздің ғана емес, халықтың қызына айналды. Кішкентай кезінен өнерге, еркіндікке жақын болған Гүлмира біз жете алмаған арманға, биік белеске шықса дейміз», – деген жүрекжарды тілегін жеткізді.

Жинаққа радиода 20 жылдан астам еңбек еткен жылдары әртүрлі сала өкілінен, қоғам қайраткерлері мен өнердің маңдайалды тұлғаларынан алған сұхбаттары, сондай-ақ журналистің авторлық бағдарламасындағы ой-толғамдары енген.

Шалқар радиосы
Nege.kz

Бүгінде қазақтың үнжариясына айналған «Шалқар» радиосында жағымды дауысы мен әуезді үні арқылы көпшіліктің құлақ құрышын қандырып жүрген журналист Гүлмира Нәлібайды тыңдарманы асыға күтіп отырады. Жұрт оны дауысы арқылы таниды. «Ән-жұмбақ», «Дауысыңды сағындым», «Алтын тамыр» хабарын жүргізетін Гүлмира тікелей эфирге қосылғанда ерекше арқаланып, тынысы ашыла түседі. Бұл туралы радиожурналистің өзі: «Мен микрофон алдында бәрін ұмытып, өзімді ең бақытты жан сезінемін», – дейді шабыттанып. Ендеше, өмірде де, радиода да бақытты сәтің көп болсын дейміз.