Өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау: 9 айдағы негізгі көрсеткіштер

Қазақстандық кәсіпорындар мемлекеттік ынталандыру шараларын пайдалануды жалғастыруда.
Алматы, NEGE. «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы ұсынатын бизнесті ынталандыру құралдарының нәтижесінде, отандық компаниялар даму мүмкіндігін алып, ішкі және сыртқы нарықтарда өз бәсекеге қабілеттіліктерін арттыруда.
Отандық өңдеу өнеркәсібін қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі кәсіпорындардың шығындарын өтеу болып табылады. «QazIndustry» компанияларға жұмсалған шығындарының 40-50 % өтейді. Бұл қаражат негізінен еңбек өнімділігін арттыруға және отандық өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталады. Ынталандыру шарасы кәсіпорындардың қаржылық жүктемесін азайтып, өз дамуына сенімді инвестиция жасауына мүмкіндік береді.
Бизнесті ынталандыру дирекциясының деректері бойынша 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша QazIndustry қазақстандық кәсіпорындарға 1 млрд 314 млн теңгеден астам шығындарын өтеді. Бұл мүмкіндікті өңдеу өнеркәсібіндегі 51 кәсіпорын пайдаланды.
Қаржының негізгі басым бөлігі шамамен 1 млрд 311 млн теңге, еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалған шығындарды өтеуге бағытталды. Бұл қаражат кәсіпорындардың қызметкерлерін оқыту мен біліктілігін арттыруға, өндірістік процестерді жетілдіруге, цифрлық технологияларды енгізуге, жаңа жабдық сатып алуға және басқа да жұмыстарға пайдаланылды.
Ең көп өтінім Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы, сондай-ақ Алматы, Павлодар және Қарағанды облыстарындағы кәсіпорындардан келіп түсті. Салалар бойынша алғанда, олар машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, металлургия өнімдері, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар.
Сондай-ақ кәсіпорындардың өнімдері мен қызметтерін ішкі нарықта ілгерілетуге жұмсалған шығындары өтелді. Бұған тауарларды сертификаттау, инспекциялық аудиттен өткізу, сәйкестендіру құралдарын енгізуге арналған жабдық сатып алу, сонымен бірге аяқ киім өнімдерін таңбалауға қажет бағдарламалық қамтамасыз ету секілді шығыстар кіреді.
Естеріңізге сала кетейік, басым тауарларды шығаратын шағын және орта бизнес субъектілері негізгі бағыттар бойынша даму шығындарының бір бөлігін өтеу мүмкіндігіне ие. Бұл қолдауды алу үшін негізгі үш талап орындалуы қажет. Біріншіден: кәсіпорын өтінім бергенге дейін кемінде бір жыл жұмыс істеп тұруы тиіс. Екіншіден: салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша қарыз болмауы керек. Үшіншіден: соңғы үш жылда салық төлемдерінің жыл сайын артып отыруы қамтамасыз етілуі қажет (салықтан босатылған немесе үш жылдан аз уақыт жұмыс істеп жүрген кәсіпорындардан басқа).
Қарсы міндеттемелер ретінде мемлекеттік ынталандыру шараларын алған кәсіпорын мемлекет жұмсаған қаражат көлемінен кемінде екі есе артық табыс көлемін қамтамасыз етуге міндетті.