30 Желтоқсан 07:25
...

Өнерпаздар мерекені қалай қарсы алады?

Фото:

Шоу бизнес өкілдері 2019 жылы қандай жетістікке жетті? Қуаныш пен өкініш болды ма? Келер жылға қандай мақсат қойды, жаңа жылды қалай қарсы алмақ?

Әне-міне дегенше көптен күткен жаңа жыл да табалдырықтан аттағалы тұр. Ескі жылмен қоштасып, зымыраған уақыттың жаңа кезеңімен қауышатын қуанышты күнге де  санаулы уақыт қалды. Есік қаққалы тұрған тышқан жылын өнер иелері қайда, қалай қарсы алмақ?

Жазира Байырбекова, әнші: Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын мереке. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен, нық қадаммен аттағанды қалайды. Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл бойы солай өткізесің деген сенім бар ғой. Бұйырса, амандық болса отбасыммен, ең жақын деген адамдармен үйде қарсы аламын. Оливье салатты жасап, бауырсағымызды пісіріп....

Әбдіжаппар Әлқожа, әнші: Жаңа жылды әртістер әртүрлі жерде қарсы алады екен негізі. Өнерде жүрген соң жақсы білемін. Мерекені үйде атап өткенге не жетсін? Бірақ, жұмыстың аты жұмыс. Барлығына уақыт табуға тырысамын. Отбасыммен бірге қарсы алғанды жөн санаймын. Әке-шешемнің қасында дегендей. Барлығымыз ақ дастархан басында жиналып, өткен жылды қортындылап, жеткен жетістігімді айтып, бір-бірімізге тілегімізді арнаймыз. Керемет емес пе? 31 желтоқсан күні үйде боламын.

Жұлдыз Өмірғали, әнші: Ата-анамызбен, бала шағамызбен бірге үйде қарсы аламыз. Бұл – отбасымыздың дәстүрі. Жақындарымызға арнап сыйлық алып, мерекеге дайындаламыз. Он екіден кейін Айқынмен бір жерге барып атап өтеміз.

«Әдемі-ай» дуэті:  Жаңа жылды ерекше қарсы аламыз, себебі қалай қарсы алсаң бір жылың солай өтеді. Өнер адамы болғандықтан жыл сайын біз мерекелік кештерде жүреміз. Сағат он екіге таяған кезде елдің атқан отшашуларын тамашалап көлікте кетіп бара жатамыз. Осы жылы Алла қаласа отбасымызбен бірге Тараз қаласында қарсы алуды жоспарлап қойдық.

Жігер Ауыпбаев: Жақындарымызбен бір шаңырақтың астында атап өтеміз. Он екіге дейін туған-туыстардың үйіне барып, құттықтап шығамыз.

Жахан Отарғалиев, актер: Жаңа жылда мен жылда жұмыста жүремін. Мерекелік кештерді жүргіземін. 7 жыл қатарынан солай өтуде.

Ендеше қас пен көздің арасында өте шыққан 2019 жыл кімге қандай жақсылық алып келді? Сонымен өнер иелері шыршалардың шырайы кіріп, балалардың асыға күтетін мерекесін қандай көңіл күйде қарсы алмақ?

«Әдемі-ай» дуэті: Бұл жылда жаңалық көп болды. Бұрын тек ән айтып жүрсек, осы 2019 жылы ойламаған жерден Отандық телехикаяға түстік. Өзімізде таңқалдық. Кастингтен өтіп, бірден басты рөлге бекітілдік.Осылайша, әншілік қырымыздан танылдық. Одан бөлек, репертуарымыз әнге толды. Жақында жаңа әндердің тұсауы кесіледі. Алла қаласа альбомымыз шығады. Біраз танымал ақын, сазгерлермен жұмыс жасалды.

«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген қос сұлу шығармашылық ізденістерін тоқтатпайтындарын айтады. Сонымен қатар «Әдемі-ай» дуэті алдағы жылы киноға түсуге ұсыныстар түсіп жатса бас тартпайтындарын жеткізді. Доңыз жылы Жахан Отынғалиевті де ренжітпеген сыңайлы. Себебі актер биылғы жылы жеткен жетістіктерін тізіп берді.

Жахан Отарғалиев, актер: Өзім үшін жеңісті жылдың бірі болды. Ешқандай өкпем жоқ. 4 фильмге түстім. Басты рөлдерді сомдадым. Келесі жыл одан да жақсы болсын деп тілейміз.

Әбдіжаппар Әлқожа, әнші: 2019 жыл табысты жыл болды. Республика сарайында қарашаның 5 жұлдызында жеке кешім дүркіреп өтті. «Оригиналсың» деген әнім бірден хитке айналды. Бір емес бірнеше әнбаяндарымды халыққа ұсындым. Жалпы тек мен үшін ғана емес, өнерде жүрген әріптестерім үшін де жемісті болды. Себебі, Ғазизхан Шекербеков, Алишер Каримов, Әли Оқапов, Ернар Айдар сынды эстрадамызға танымал біраз әншілердің шығармашылық кештері жоғары деңгейде өтті. Димаш Құдайберген елміздің мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатты. Айта берсек көп қой. Аллаға шүкір, өткен жылға өкпе жоқ. Жаңа 2020 жыл да жайлы болсын.

Ал өнерде де өмірде де жұп атанған Айқын мен Жұлдыз үшін ше?

Жұлдыз Өмірғали, әнші: Менің жылым ғой. Ая деген тәтті қызымыз дүиеге келді. 2019 негізі біздің отбасымыз үшін киножылы  болды деп айта аламын. Актрисалық қырымнан танылдым. Менің киноға қызығушылығым артты. Жаңа туындыны түсіріп қойдық. Айқынның еңбегі. Бұйырса алдағы жылы тұсауы кесіледі. Жыл басында Алла қаласа шетелге барып демаламыз.

Сондай-ақ әр жылдың өз естеліктері бар. Сонымен қай жұлдыз жаңа жыл мерекесін естен кетпес қызықты оқиғамен байланыстырады?

Жұлдыз Өмірғали, әнші: Бала кезімде анам мені бауырыммен бірге шкафқа тығып қойған болатын. «Шықпай аяз атаға көрінбей отырыңдар, қазір аяз ата үйге келеді. Ол кеткен соң ғана шығасыңдар. Егер сендер көріп қойсаңдар сыйлық бермейді», - деп айтатын. Біз соған сенетінбіз.

Жахан Отарғалиев, актер: Қызықты оқиға дейсіз бе? Жоқ сияқты. Бала кезде болмаса...

Бір қызығы жауабын қысқа қайырған танымал әзілкеш, есте қалған қызықты оқиғасының жоқтығын алға тартты. Алайда Жахан Отарғалиевтің бұл жауабына сеніңкіремедік. Себебі, көпшілікке бірнеше күлкілі образы арқылы танылған әртістің ерекше хикаямен бетпе бет келмеуі ақылға сыймайтын әңгіме. 

Жахан Отарғалиев, актер:  Шынымды айтсам есіме түспей тұр. Жыл сайын мен халықпен бірге кештерде жүрген соң ойламайды екенсің. Мектеп кезінде жаңа жылдық шыршаға асығатынбыз. Әке-шешеміз бұрын сникерс деген шоколадтты тығып қоятын. 31 желтоқсан күні мәз-мейрам болып үйдегілер дайындап қойған тәтті-мәтті сыйлықты күтіп жүретінмін.  

Жаңа жыл тақырыбында аз-кем әңгіме қозғаған өнер  иелері сөз соңында көрерменге жүрекжарды ақ тілектерін білдірді.

Әбдіжаппар Әлқожа, әнші: Келе жатқан жаңа 2020 жыл құтты болсын! Адам баласы жаңа жылдан көп жақсылық күтеді, жаңа жылға көп үміт артады. Өткенге риза болып, жаңа жылға бәріміз таза ниетпен, нық қадаммен аттайық. Жаңа жылға елмен бірге жаңа табыстарға жете берейік! Баршаңызға баянды бақыт тілеймін.

Жігер Ауыпбаев: Жаңа 2020 жыл тек берекесімен, мол қуанышымен, жақсылығымен төрімізден орын алсын! Шаңырақтарыңызда ырыс-береке, мемлекетімізде бейбітшілік пен келісім болсын. Үміттеріңіз бен тілектеріңіз орындалып, барлық бастауларыңыз сәтті нәтижелер берсін!

Ендеше, келе жатқан жаңа 2020 жыл армандар орындалатын құтты да берекелі жыл болсын деп тілейік!

 

Тегтер: