Өнер адамдары да 42 500 теңге ала бастады
Өнер адамдарының біразы 42500 теңге ала бастады, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Алматы, NEGE. "Аш қалатын болдық" деп билікке алғашқылардың бірі болып өтініш айтқан әнші Бүркіт еді. Карантин тоқтамаса халық вирустан емес, аштан өлетін болды деп ренішін білдірген болатын. Ал арада бір күн өткен соң, мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова оған жауап берген еді.
"Біздің мемлекетіміз әр түрлі жеңілдіктерді ұсынып отыр. сондықтан біздің әртістеріміз де, егер өздерінің күнделікті табыстарынан айырылып жатса, әрине мемлекеттің ұсынып жатқан әр түрлі ұсыныстарға олардың да қатысуына мүмкіндік бар", -деді Райымқұлова.
Міне, қызықтың көкесі де осыдан басталды. Тойы тоқтап, жалғыз табысынан қағылған жұлдыздар да Үкіметтің жәрдемақысына таласа бастады. Қатарында, танымал әнші Қарақат Әбілдина, көптеген хит әнімен танымал болған әнші Бағлан Әбдірайымов, сазгер Сара Жүнісбек, "Алашұлы" тобының экс-әншісі Әзімбек Байлин мен өнердегі басқа да әріптестері бар. Карантинде жұмыссыз қалған әнші әрі актер Дидар Кәденге де 42 500 теңге кәдесіне жарапты. Одан бөлек Серікбол Сайлаубек, танымал рөлдерімен көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленген актер Дәурен Айдарқұлов та бір реттік төлем алғандардың тізімінде.
Қызығы, жәрдемақы алған жұлдыздардың қарасы мұнымен бітпейді.
"Бір күнде қанша ақша кетеді, соны 3-4 айға бөліп тастасаң, біраз өнер адамдарының жағдайы нашарлап қалды. Сондықтан ойлаймын ешқандай ұялмай ақ Үкіметтің берген көмегін көру керек олар да. Сондықтан оның ешқандай ыңғайсыздығы жоқ деп ойлаймын", - дейді "Бәйтерек" тобының әншісі Ерлан Малаев.
Иә, Үкіметтің жәрдемақысына әркімнің-ақ бар таласы. Сондықтан бір жағы табысынан қағылған әншілерді де түсінуге болатын шығар. Алайда айлығы шайлығынан артылмайтын қанша отбасы аталған төлемге әлі де қол жеткізе алмай жүргені тағы бар емес пе?
"Шын мұқтаж адамның қазанына қол салу деп білем мен шын айтқанда. Шын мұқтаж адам ала алмай қалған, шын мұқтаж адамның жағдайы жоқ бірақ әншілердің алуы мен үшін ұят сияқты. Олардың бәрінің бір-бір басына керемет үйлері бар, бір-бір басында қанша көліктері бар, мақтанып инстаграмда нешетүрлі жазады, сөйтіп отырғанда халықтың асына қол сұғу ол мен дұрыс емес деп ойлаймын", - дейді қоғам белсендісі Тұрар Саттарқызы.
Бұл ретте, Мұзарт тобының әншісі Мейрамбек Беспаевтың айтқаны еске түседі. Республикалық арналардың біріне берген сұхбатында әнші жәрдемақыға қарап қалғандарды барып тұрған жалқау деп еді.
Қазір оқып жатыр
Олжас Бектенов орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің дайындығын тексерді
Қазақстандық салымшы зейнетақы шотынан ақшасы жоғалып кеткенін айтып, шағымданды
Тоқаев боксшы Дина Исламбекова мен Надежда Рябецті жеңісімен құттықтады
Түркістан облысында тұрғындар Қызыл кітапқа енген қызғалдақты көлікпен таптаған