Референдум Референдум
USD
USD
USD

Өнер қырандары театры Шымкент қаласының әкіміне үндеу жасады

«Өнер қырандары» театры Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке ашық үндеу жасап, қаладағы мәдени іс-шараларды өткізуге байланысты туындаған мәселелерге назар аударуды сұрады.

Өнер қырандары
Фото: Instagram

Алматы, NEGE. Белгілі болғандай, «Өнер қырандары» театры мен Бауыржан Орынтаев басқарып отырған қалалық мәдениет басқармасы арасында түсініспеушілік туындаған.

Театр ұжымы 2026 жылдың 15-17 мамыр күндері Шымкент қаласындағы ең ірі концерт алаңдарының бірі – «Qyzgaldaq Sarayi» кешенінің концерт залын пайдалануды сұрап, ресми өтініш жасаған. Алайда ұйымдастырушылардың айтуынша, өтінішті заң талаптарына сәйкес қараудың орнына концерт күндерін бекіту барысында бірқатар түсініксіз жағдайлар болған.

Осыған байланысты театр өкілдері e-otinish жүйесі арқылы Шымкент қаласының әкіміне ресми шағым жолдаған. Дегенмен олардың мәліметінше, бұл өтініш әкімге тікелей жетпей, қайтадан қалалық мәдениет басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың қарауына жіберілген.

Сонымен қатар театр заңгеріне әкімнің қабылдауына кіруге мүмкіндік берілмеген.

«Біздің ресми өтініштеріміз назардан тыс қалуына және, біздің пікірімізше, Шымкент қаласының мәдениет басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың әрекеттеріне байланысты біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ашық түрде жүгінуге мәжбүр болып отырмыз. Бұл жағдай елімізде жүргізіліп жатқан бюрократияны қысқарту, кәсіпкерлікті қолдау және мәдениетті дамыту саясатына қайшы келеді», – делінген үндеуде.

Театр өкілдері бұған дейін де Шымкенттегі концерттер кезінде барлық билеттер сатылып кеткеніне қарамастан, мәдениет басқармасы тарапынан іс-шараны тоқтату туралы ескертулер жасалғанын алға тартады. Осыған байланысты олар құзыретті органдарға өтініш жолдап, жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұраған.

«Осы факт бойынша біз құзыретті органдарға тиісті түрде өтініш жолдадық. Өйткені, біздің пайымдауымызша, мәдениет басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың әрекеттері концерттік іс-шараны өткізуге кедергі келтіріп, қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану және заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау белгілерін қамтуы мүмкін», – дейді театр ұжымы. 

Ұжымның пікірінше, концерттерді себепсіз тоқтату ұйымдастырушылар мен әртістерге ғана емес, алдын ала билет сатып алған мыңдаған көрерменнің мүддесіне де кері әсер етуі мүмкін.

«Өнер қырандары» мемлекеттік қызметшілер ең алдымен қоғам мен азаматтардың мүддесін басшылыққа алуы тиіс екенін айтып, мәселенің ашық әрі әділ түрде қаралуын сұрайды.

Әкімдік әлі ресми жауап берген жоқ. 

Қазір оқып жатыр

Грузия Temu тарапынан демпинг жасалып жатқанына шағымданды

Temu

Ербол Хамитов Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды

Ербол Хамитов

Ақтөбеде математик мұғалім ата-аналардан қомақты ақша алып, бәске тіккен

мұғалім

«Балалары үшін алаңдайды»: адвокат Жанабыловтардың шешімін түсіндірді

жанабылов