18 Наурыз 19:28
...

«Онда бұл Парламент емес, проходной двор!» – Депутат вице-министрге НЕГЕ шүйлікті

Депутат
Фото: Фото: ғаламтордан

Аграрлық мәселелер комитетінде Су кодексінің ілеспе түзетулері таныстырылымын жасаған Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекниязға Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Мәжіліс қабырғасында болған таныстырылымдардың ішіндегі ең әлсізі» деп баға берді.

– Тіпті Құрылыс кодексін мына Су кодексінен жақсырақ таныстырған болатын. Негізі депутаттарға Су ресурстары және ирригация вице-министрінің дайындығы төмен екені туралы министрдің атына шағым жазу керек. Бұлай Парламентке келуге болмайды. Бұл – құрметсіздік! – деді Б. Базарбек.

Бақытжан Базарбек Су кодексі бірқатар талаптарға сай емес екенін айтып, бұл заң жобасы тіпті Мәжіліс қабырғасында талқыланбауы керек деп есептейтінін жеткізді.

– Менде Қоршаған ортаны қорғау вице-министрінің жауабы бар. 2023 жылдың 20 наурызында Су кодексінің мемлекеттік экологиялық сараптамасына теріс қорытынды шыққан. 2024 жылдың 16 қаңтарында қайта енгізгенсіздер, бірақ қоғамдық тыңдауға байланысты Су кодексін қайта қайтарып алғансыздар. Яғни, Су кодексі экологиялық тексерістен өтпеген. Дегенмен менде мемлекеттік тексеріс қорытындысы бар. Бірақ онда да оң қорытынды шықпаған, жай ғана мақұлданған, – дей келе депутат вице-министр Б.Бекнияздан және Қоршаған ортаны қорғау вице-министрінен Су кодекстіне қатысты қоғамдық тыңдау өтті ме, жоқ па деп сұрады.

вице-министр
Б.Бекнияз. Фото: ғаламтордан

Сұраққа екеуі де: «Су кодексіне қоғамдық тыңдау өтті, экологиялық тексеріс болды», – деп жауап берді.

Бірақ депутат Базарбек бұл жауапқа да қанағаттанбай, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрін «қате ақпарат бердіңіз» деп кінәлады.

– Болат Қабікенұлы, сіз жаңа депутаттардың сұрақтарына жауап беріп жатқан кезде дұрыс емес ақпарат бергеніңізді байқадым, –деп, вице-министрді қоғамдық тыңдаудан өтпеген кодексті Мәжіліске әкелуге қақысы жоқ екенін айтты.

Депутат осы кезде жиынның тізгінін ұстап отырған әріптесі Серік Егізбаевпен де сөзге келіп қалды. Модератор Бақытжан Базарбекке эмоциясын басуды сұрап, «қоғам үшін жауап бере алмайсыз» деді.

Бұған Б.Базарбек: «Нормативті актілердің ережесі сақталмаса, бұл Парламент емес, кіріп-шығатын есік (проходной двор)», – деп салды.

Мәжілісмен аталған заң жобасындағы жемқорлыққа қатысты тұстарын да атап өтті. Оның сөзінше, Гайрат Сапарғалиев атындағы Мемлекет және құқық ғылыми-зерттеу институтының аталған кодекске қатысты жүргізген сараптамасы бойынша, Су кодексінде жемқорлыққа жағдай жасайтын баптар бар екенін анықтаған.

Депутаттың айтуынша, ондай баптар жиырмаға жуық. Мәселен, жаңа кодексте су инспекторы тексеріс кезінде қызметін асыра пайдалана алады екен. Институт мамандарының кейбірінің пікірі ескерілсе, Жаңбыршинов пен Ғаббасов деген мамандардың ескертуі орындалмаған.

Депутат Бақытжан Базарбектің сұрақтарына Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз жазбаша жауап беретін болды.