Олжас Бектенов Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысын өткізді
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов жетекші ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, ірі өнеркәсіптік өндірістер мен салалық министрліктер басшылығының қатысуымен жаңартылған құрамда Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысын өткізді.
Алматы, NEGE. Премьер-министрге Президенттің Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыру аясында ғалымдар мен бизнестің өзара әрекеттестігіне басымдық бере отырып Комиссия жұмысын қайта форматтау бойынша қабылданған шаралар туралы баяндалды. Комиссия отандық ғылымды экономиканың нақты секторымен интеграциялауға бағытталған бұрын берілген тапсырмаларды ескере отырып, 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми-техникалық жұмыс жоспарын ұсынды.
Комиссияның қарауына ғылыми-техникалық тапсырмалар бойынша 653 ұсыныс келіп түсті, оның ішінде экономика үшін басым бағыттар бойынша 2025-2027 жылдарға арналған 113 ғылыми-техникалық тапсырманы жүргізуге қаражат бөлу мақұлданды. Олардың ішінде экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану; энергия, озық материалдар және көлік; озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар; биологиялық қауіпсіздік және басқа да салалар қамтылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында қойған мақсаттарға қол жеткізу аясында агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту бойынша ғылыми-техникалық жұмыстар мақұлданды. Атап айтқанда, сүт саласының өнімділігін арттыру, егіншілік пен өсімдік шаруашылығы әдістерін жетілдіру, сондай-ақ экологиялық таза өндірістерді дамыту; негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының шаруашылық құнды белгілері мен биологиялық ерекшеліктерінің қалыптасуының молекулалық-генетикалық заңдылықтарын зерделеу бойынша; бау-бақша шаруашылығын тұрақты дамыту тәсілдері; ветеринариялық салауаттылықты қамтамасыз ету және басқа да жұмыстар.
Аталған жобаларды қолдау биыл қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң нормаларына сәйкес гранттар, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру және жеке инвесторлар тарту арқылы жүзеге асырылады. Отырыс барысында «Қазақмыс» корпорациясы, ERG, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК, KAZ Minerals компанияларының бірлескен жұмысының нәтижелері ұсынылды.
«Бүгінгі таңда тау-кен металлургия саласының алпауыт кәсіпорындарымен ірі 6 хакатон өткізілді. 30-ға жуық ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орындарынан 200-ге жуық ғалым қатысты. Нәтижесінде, 80-ге жуық ғылыми-техникалық тапсырма тұжырымдалды. Комиссия отырысына нақты 11 жобаны шығарамыз. Осылайша, биыл жалпы ғылыми-техникалық тапсырмалардың 10%-ы ірі кәсіпорындармен нақты жұмыс нәтижесіне негізделген. Президент жанындағы жаңартылған Ұлттық Ғылым академиясының жұмысқа қосылуы өте маңызды. Ғылыми-техникалық тапсырманы талдау мен сараптауды Ғылым академиясы да жүргізеді. Бұл тапсырмалардың барлығы да өте қатаң іріктеуден өтті», — деп мәлімдеді Саясат Нұрбек.