31 Шілде 14:58
...

Олжас Бектенов Түркістан облысының су шаруашылығы инфрақұрылымының негізгі нысандарын тексерді

Шардара су қоймасы
Фото: gov.kz

Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов су қоймаларының жай-күйімен, гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен және еліміздің оңтүстік өңірлерін тұрақты сумен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралармен танысты.

Алматы, NEGE. Премьер-министр «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегіш нысанын барып көрді. «Қазгидромет» РМК-ның мәліметі бойынша, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі биылғы вегетация маусымында жауын-шашын тапшы болып тұр. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен Солтүстік Еуразиялық климат орталығының болжамдарында гидрологиялық құрғақшылықтың ықтималдығы жоғары. Бұл ауыл шаруашылығына қатер тудырып отыр, әсіресе Сырдария өзені бассейні бойында құрғақ ауа райы ұзақ уақыт сақталар болса, кейбір жерлерде егін қурап кетуі мүмкін. Су беруді оңтайландыру жөніндегі ішкі шаралармен қатар, Үкімет Сырдария өзенінің жоғары жағында орналасқан көршілес мемлекеттермен Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы аясында келіссөздер жүргізуде. Қол жеткізілген келісімдер суды уақтылы алуға мүмкіндік береді. Шардара су қоймасының жұмысымен танысу кезінде Премьер-министрге нысанның жағдайы мен оңтүстік өңірлердегі суару жұмыстары туралы баяндалды. Бұл – Түркістан және Қызылорда облыстарындағы ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен, сондай-ақ Шардара қаласының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін негізгі су нысаны. Олжас Бектенов суды бөлуде ашықтықты қамтамасыз ету үшін қадағалауды күшейту қажеттігін айтты.

«Агроөнеркәсіп кешені – экономиканың негізгі секторларының бірі. Қазіргі жағдайда су ресурстарын қажетіне қарай және қатаң қадағалай отырып бөлу ерекше маңызға ие. Қадағалауды барлық деңгейде күшейтіп, су бөлуді ашық ету қажет»,

— деп атап өтті Премьер-министр.

Осы тұрғыда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа көршілес елдермен су беру режимдерін келісу және туындаған мәселелерге жедел ден қою, соның ішінде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды үйлестіру тапсырылды. «Көксарай» су реттегіш нысанын тексеру қорытындысында Премьер-министр Су ресурстары және ирригация министрлігіне контрреттегіштің толық қуатында жұмыс істеуін қалпына келтіру мақсатында реконструкциялау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл өзен ағынын қажетіне қарай реттеу және оңтүстік өңірлердегі шаруаларды тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін қажет. Олжас Бектенов трансшекаралық су көздерінен келетін су көлемінің азаюына байланысты Үкімет ішкі су қорын дамытуға басымдық беріп отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы көктемгі және еріген қар суын жинап, оны егістікке тиімді пайдалану үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу жөнінде тапсырма берген болатын. Таяу уақытта "Бәйдібек ата« және "Боралдай" су қоймалары арқылы "Бөген" су қоймасына қосымша 113 млн текше метр су берілгенінің арқасында Түркістан қаласы кепілді түрде сумен қамтамасыз етілетін болады. Трансшекаралық су көздерінен келетін су көлемі жылдан-жылға азайып келеді. Соған байланысты біз ішкі су қорларын барынша пайдалану үшін қосымша су қоймаларын салу жолдарын қарастыруымыз қажет»,

— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Су ресурстары және ирригация министрлігіне Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, өңірдегі су шаруашылығы жобаларын уақтылы қаржыландыруды және жүзеге асыруды тапсырды.