17 Шілде 12:28
...

Олжас Бектенов: Президенттің зардап шеккен тұрғындарға үй беру жөніндегі тапсырмасы мерзімінде орындалуы тиіс

Үкімет
Фото: Үкімет

Премьер-Министр Олжас Бектенов су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев ағымдағы жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының әкімдері тыңдалды.

Алматы, NEGE. Елімізде су тасқыны салдарынан қалпына келтіруге келмейтін барлық үйлер бойынша құрылыс және сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су тасқыны салдарынан барлығы 19 342 жылжымайтын мүлік (жалғыз баспана болып саналатын үйлер мен саяжайлар) зақымданды, оның 8 578-і қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Бүгінгі таңда 2 578 үй құрылысы мен 6 мың жылжымайтын мүлік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Премьер-Министр СҚО-да 200, Павлодар облысында 5 жаңа үй құрылысының жедел жүргізілгенін атап өтті. Сондай-ақ жуырда Қостанай облысында 22 үй тапсырылады. Жалпы, тұрғын үйді қалпына келтіруді жеделдету үшін барлық шаралар қабылданғаны баса айтылды. Әкімдіктер қажетті қаржымен толық қамтамасыз етілді, барлық кемшіліктер жойылды, салынып жатқан үйлердің үлгілік жобалары бекітілді. Сонымен қатар жекелеген өңірлерде жұмыс кестесінен 15-25 күнге артта қалушылық бар. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Атырау облыстарында құрылыс қарқыны төмен.

Үкімет басшысы әкімдерге әрбір нысанға адамдар мен техника жұмылдыруды тапсырып, Президент жүктеген міндеттерді орындау үшін шамамен 2,5 ай қалғанын еске салды. Бұл ретте Премьер-Министр құрылыс нормаларын бұзуға жол бермеу керектігін талап етті.

«Қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдету қажет. Құрылыс материалдарын жеткізуге, еңбек ресурстары мен арнайы техниканы алаңдарда жұмылдыруға байланысты барлық мәселені жылдам шешу қажет. Кестеден кешігуге әкеліп соғатын барлық проблемалар туралы дереу орталыққа хабарлау керек. Қажет болса, біз ресурстарды қайта бөліп, техника мен адамдарды көбейтеміз. Барлық құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселелер азаматтарды алаңдатпауы керек. Өңірлердің әкімдері үйлердің сапасына жеке жауап береді», — деп атап өткен Олжас Бектенов, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды тапсырды.

Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, энергетика және көлік вице-министрлері жұмыс уақытының негізгі бөлігін барлық жұмыс аяқталғанға дейін өңірлерде, тікелей құрылыс алаңдарында өткізетін болады.

Жергілікті жолдарды жөндеуге және реконструкциялауға Үкімет резервінен 22,7 млрд теңге бөлініп, зардап шеккен өңірлердегі мектептерді қалпына келтіруге 7,5 млрд теңге бағытталды. Барлық мектеп оқу жылы басталғанға дейін қалпына келтіріледі.