27 Қыркүйек 15:48
...

Олжас Бектенов Президент атынан жұмысшы мамандықтары өкілдеріне марапат табыстады

Ү
Фото: Үкімет

Премьер-министр Еңбек күніне арналған «Еңбек адамы – Ел мақтанышы» республикалық форумына қатысты. Олжас Бектенов Мемлекет басшысының атынан ел экономикасының нығаюына және дамуына үлес қосқан жұмысшы мамандықтары өкілдеріне мемлекеттік наградаларды табыстады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Алматы, NEGE. Форумға қатысушыларға арнап сөйлеген сөзінде Премьер-министр Президенттің Ұлттық құрылтайда белгілеп берген «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты бүгінде Қазақстан қоғамының дамуындағы басты бағытына айналғанын атап өтті.

Қазақстанда Еңбек күні он жылдан астам уақыттан бері аталып келеді. Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында бұл мерекенің маңызы артып, қоғам дамуының негізі саналатын адал еңбекке құрметтің белгісіне айналды. Қазір елде шамамен 2,5 млн маман еңбек етеді. Олардың қатарында шахтерлер, металлургтер, педагогтар, энергетиктер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар, агрономдар, технологтар және басқа да сала өкілдері бар.

— Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағын инновациялық даму жолында көреді. Ол халыққа Жолдауында ауқымды цифрландыруды және жасанды интеллектіні белсенді енгізуді басымдық ретінде айқындады. Алдыңғы қатарға жаңа технологиялар шығады. Бұл – экономикалық өсімге және азаматтардың өмір сапасын одан әрі жақсартуға кең мүмкіндік. Инновациялық шешімдер өнеркәсіпке, көлік саласына, медицинаға, білім беруге және басқа да көптеген салаларға енгізіліп жатыр. Барлық жасалып жатқан шара қуатты Цифрлық Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет жүргізіп отырған цифрлық прогреске қол жеткізу жұмыстары аясында кадрларды даярлау және кәсіби-техникалық білім беруді дамыту басты назарда болып отыр. Биыл 9-сынып түлектерінің 100%-ы геология, машина жасау, энергетика, көлік, IT және басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерде тегін білім алумен қамтылды. Соңғы екі жылда студенттердің шәкіртақысы екі есе өсті. Колледждерде материалдық-техникалық база жаңартылды, студенттердің жатақханамен қамтылуы шамамен 90%-ға жетті.

Іс-шара барысында Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жилбер Фоссун Хунгбо форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдады. Ол әлеуметтік диалогты қамтамасыз етуде және еңбек нарығының инклюзивті әрі тұрақты дамуына жәрдемдесуде шешуші рөл атқаратын жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өкілді ұйымдарының маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік серіктестер осы диалогты дамытып, әрі қарайғы қадамдарды анықтап, бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыруда. Сондай-ақ «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов сөз сөйледі.

Форум аясында ұйымдастырылған көрмеде Премьер-министр қазақстандық өнеркәсіп кәсіпорындарының өндіріс процесіне озық технологияларды енгізу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарымен танысты. «QARMET», «Қазақмыс», «Қазцинк» және ERG компаниялары жоғары технологиялық салаларға арналған металлургиялық өнім шығару, өндірістерде мониторинг жүйесін енгізу, байыту фабрикаларының цифрлық үлгілерін жасау және тағы да басқа жобаларын таныстырды.

Форум қорытындысы бойынша жұмысшы мамандықтары өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды.

Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Оның негізгі мақсаты – еңбек адамын бағалау. Бұл туралы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Ақмарал Ауғанова айтты.

– Еңбегімізді бағалап, марапаттап жатқан Президентімізге алғысымды білдіремін. Мен 43 жыл жұмыс істеп, құрметті еңбек демалысына шықтым. 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады ғой. Осының негізінде қосымша мамандықтар пайда болады деп ойлаймын. Менің ойымша бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік. Еліміз дамып, өркендеп, жастарымыз биік белестерді бағындыра берсін, - деді ол.