Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесі отырысында берген тапсырмаларын орындау бойынша кеңес өткізді

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесі отырысында берген тапсырмаларын орындау бойынша Көлік, Қаржы министрліктері басшылығының, «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.
Алматы, NEGE. Президент тарапынан айтылған сынды ескере отырып, негізгі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мерзімдерін қысқарту мәселелері қаралды. Қазақстан аумағында орналасқан өткізу пункттерін жаңғырту бойынша көрші елдермен уағдаластықтарды сапалы әрі уақтылы іске асыруға назар аударылды.
Еліміздің нарығын қолжетімді бағадағы авиациялық отынмен қамтамасыз ету үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды жеделдету туралы шешім қабылданды.
Премьер-министр «жасыл дәліздерді» ұйымдастыру және тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыстардың нәтижелері азаматтар мен бизнес үшін айқын болуы тиіс екенін атап өтті. Тиісті органдарға транзиттік жүктер үшін кедендік тексерусіз тетікті енгізу тапсырылды. Сыртқы қазақстандық терминалдарды қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Президенттің тапсырмаларын ескере отырып теміржол (20,5%) және құбыр көлігімен (19,5%) жүк тасымалдау көлемінің ұлғаюы аясында Көлік, Қаржы министрліктеріне мүдделі ұйымдармен бірлесіп бір апта мерзімде сауда және транзит ағынына әсер ететін басым жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға екі күн мерзімде жергілікті жерлердегі жұмыстарды бақылау мақсатында өңірлерге барып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралардың егжей-тегжейлі жоспарын дайындау тапсырылды.