Олжас Бектенов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді

Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық бизнес-қоғамдастық пен дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді.
Алматы, NEGE. Жиында Президенттің халыққа Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллекті негізінде экономиканы жаңғыртуға қатысты қойған міндеттерді ескере отырып, сауда саласына цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері қаралды. Соның ішінде тұтыну тауарларын цифрлық таңбалау жүйесін дамыту шаралары талқыланды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда таңбалауды енгізу үшін барлық жағдай жасалған: таңбалауға жататын тауарлардың тізбесі және оларды 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары шеңберінде кезең-кезеңімен енгізу мерзімдері бекітілген. Бұдан бөлек, негізгі бағыттар мен нысаналы индикаторларды айқындай отырып, 2030 жылға дейінгі сауда саясатының тұжырымдамасы әзірлеу жұмыстары жүруде.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметтері бойынша үш тауар тобы үшін міндетті таңбалау енгізілген. Шара өзінің тиімділігін көрсетіп отыр, мәселен, темекі өнімдері бойынша бюджетке түсімдер 1,5 есеге, аяқ киім бойынша 3 есеге, дәрі-дәрмектер бойынша 1,8 есеге өскен. Сондай-ақ таңбалау есебінен заңсыз темекі өнімдерін анықтау тиімділігі 6 еседен астам артқан, ол 2022 жылғы 2 млрд теңгеден 2024 жылы 12,8 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте соңғы құралатын бағаға тиетін әсер азайды, ол тауар бағасының 1%-на да жетпейді.
Кездесуге қатысушылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық және цифрлық реформалар туралы пікірлерін білдірді.
АҚШ-тың Қазақстандағы миссиясы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Виктория Джастин Санчес Қазақстанның тұтынушыларды қорғау деңгейін арттыруға және заңсыз саудаға қарсы тұруға деген ұмтылысы оң екенін атап өтті. Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич инвесторлардың сенімін нығайту мақсатында бизнес шығындарын азайту және болжамды іскерлік ахуалды сақтау үшін цифрлық таңбалау жүйесін біртіндеп енгізу маңызды екенін жеткізді.
Сондай-ақ Efes Kazakhstan компаниясының бас директоры Эртан Курт та кезең-кезеңімен енгізудің маңыздылығына назар аударса, Procter&Gamble дистрибьюторлық компаниясының бас директоры Андрей Башкиров бұл мәселеде басқа елдердің тәжірибесін ескеру қажеттігін айтты.
Көтерілген мәселелер бойынша сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов жауап берді. Таңбалауды енгізу оның бизнеске әсерін талдаумен қатар жүреді. Бұл ретте түпкі нәтиже ішкі нарықты контрафактілік және жалған өнімдерден қорғау ғана емес, сонымен қатар отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және экспортты кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызу туралы болмақ. Цифрлық таңбалау дегеніміз – тұтынушылардың сенімін, жеткізу тізбегінің ашықтығын және мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыратын нарықты тұрақты дамыту құралы.
Олжас Бектенов жиынды қорытындылай келе Қазақстан ұзақмерзімді инвестицияларды тартуда ашықтық пен болжамдылыққа бейіл екенін атап өтті. Үкімет өндірістік қуатты кеңейтуге, локализациялау деңгейін арттыруға және ел экономикасының цифрлық трансформациясын тереңдетуге ниетті. Тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін дамыту өз кезегінде нарықтың ашықтығын арттырудың, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың және ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесін азайтудың негізгі құралдарының бірі ретінде қарастырылады (мұндағы көрсеткіш 2019 жылғы 23%-дан 2025 жылы 16%-ға дейін төмендеді).
Бұл ретте Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдарға бизнес тарапы көтеріп отырған мәселелерді қосымша зерделеп, тауарларды таңбалауды ауыртпалық салмай енгізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.