9 Маусым 13:47
...

Олжас Бектенов East Hope Group басшысы Лю Юнсинмен «жасыл» алюминий өндіру жобасын жүзеге асыру мәселелері талқылады

Үкімет
Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов East Hope Group қытай корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Лю Юнсинмен кездесу өткізді.

Алматы, NEGE. Онда елімізде циркулярлы экономика қағидаты негізінде түсті металдар өндірісі бойынша интеграцияланған өнеркәсіптік парк құру жөніндегі жобаны іске асыру перспективалары талқыланды. Жоба алюминийден «жасыл» өнім шығару бойынша толық өндірістік циклды қалыптастыруға бағытталған және бірнеше басым бағыттарды – шикізат өндіруді, алюминий негізіндегі өнімді қайта өңдеуді және қосылған құны жоғары материалдарды терең өңдеуді қамтиды. Қуаттылығы жылына 6 млн тонна бокситті қайта өңдеу бойынша тау-кен байыту комбинатын, қуаттылығы жылына 3 млн тонна алюминий өндіретін электролиз зауытын, жел электр стансасын салу көзделген.

Іске асыру ең заманауи экологиялық таза технологияларды енгізумен үш кезеңде жүзеге асырылатын болады. Компанияның есептеуі бойынша, жобаны іске асыру барысында 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев неғұрлым әртараптандырылған және болашаққа бағдарланған экономика құру міндетін қойды. Біз шикізат секторына тәуелділікті кезең-кезеңімен төмендетеміз және қосылған құны жоғары өндірісті дамытамыз. Қазақстанда алюминийдің тігінен интеграцияланған өндірісін құру – бұл отандық өнеркәсіп құрылымындағы бағыттың кешенді дамуын қамтамасыз ететін бірегей жоба. Қазақстан үкіметі ұзақмерзімді ынтымақтастыққа дайын», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Лю Юнсин Қазақстан Еуразияның логистикалық орталығы ретінде маңызды рөл атқаратынын, «Белдеу мен жолдың» бірлескен құрылысы аясында бірегей географиялық артықшылық пен даму әлеуетін көрсететінін атап өтті.

Оның айтуынша, әсіресе бай минералды ресурстар мен өнеркәсіптік жаңғыртудың үздіксіз іске асырылып жатқан стратегиясы компанияның «жасыл» алюминий, заманауи аграрлық индустрия және жаңартылатын энергетика салаларындағы жаһандық басымдықтарына толық сәйкес келеді. Кездесу қорытындысы бойынша жауапты министрліктерге жобаны іске асыруда қажетті қолдау көрсету тапсырылды. Бұл ретте компания жергілікті кадрларды оқытуды және қазақстандық мамандардың үлесін кезең-кезеңімен ұлғайтуды қоса алғанда, белгілі бір міндеттемелерді өзіне алатыны атап өтілді. 

East Hope Group алюминий өнеркәсібі саласындағы әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді, сондай-ақ полисиликон, «жасыл» энергетика, агроөнеркәсіптік кешен және жоғары технологиялар саласындағы жобаларды белсенді дамытуда.