16 Тамыз 14:57
...

Өлі-тірісін береміз. «Қазтрансойл» НЕГЕ ақша таратты?

Фото:

Нағыз сапалы парашют іздеген жанға мұнайға жақын ұлттық компанияларға бару керек. 90 пайыз үлесі мемлекетке қарайтын «Қазтрансойл» ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің мүшелеріне жылдық бонустарын берді.

Назарбаевтың ұзақ жылдар бойы сенімді серігі болған, кеңсесін басқарған Махмұд ҚАСЫМБЕКТІҢ ұлы Ардақ ҚАСЫМБЕК 2022 жылы директорлар кеңесіне мүше болғаны үшін 18 миллион теңге, ал тәуелсіз директорлар Қазбек ҚҰСАЙЫНОВ пен Тимоти МИЛЛЕР 80 мың доллардан алды. Сонда тәуелсіз директорлардың ай сайынғы табысы 6 жарым мың доллардан шығып отырған. Жаман емес. Ал Ардақ Қасымбек өзінің «Қазмұнайгаздағы» негізгі айлығына қосымша «Қазтрансойлдан» ай сайын бір жарым миллион теңге қосып отырды.

Ол аз десеңіз, «Қазтрансойл» компаниясы директорлар кеңесінде мүше болған Агостини ВИНИШИУС, Мартинес ЛОПЕСТЕРМЕН қош айтысты. Директорлар кеңесінің төрағасы болып Болат ЗАКИРОВ, мүшелері ретінде Ардақ Қасымбек, Қазбек Құсайынов, Тимоти Миллер қайта сайланды.

«Қазтрансойл» 2022 жылы 19,8 миллиард теңге таза пайда тапқан еді. Биылғы нәтижелері одан да асып түспек. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында, аудиттелмеген есеп бойынша компания 20,3 миллиард теңге таза табыс алып отыр. Бірақ бәрібір 2021 жылғы нәтижелерін қайталай алар емес. 2021 жылдары «Қазтрансойл» табысы 50 миллиард теңгеден асып түскен болатын.

«Қазтрансойл» – Қазақстанның магистралды мұнай құбырының ұлттық операторы. Компания ұзындығы 5 373 шақырым магистралды мұнай құбырына иелік етеді. Оның Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында өндірістік нысандары бар. Сонымен бірге Алматыда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық орталығын, Астанада мұнай тасымалдауды басқару орталығын ұстап отыр. Ресейдің Мәскеу, Омбы, Самара қалаларында да өкілдіктері жұмыс істейді.

«Қазтрансойл» Кеңқияқ-Атырау, Кеңқияқ-Құмкөл және Атасу-Алашаңқай құбырларын қазақ мұнайын Қытайға тасымалдау, сондай-ақ Ресей мұнайын Қытайға транзиттеу үшін пайдаланады.

Ұлттық компанияның негізгі табысы мұнай тасымалдаудан түседі. Ішкі нарықта мұнай тасымалдау тарифі мың шақырымға 1 тонна үшін 4,35 теңге, сыртқы нарықта 8,83 теңгені құрайды. Ресей мұнайының транзитінен «Қазтрансойл» бір тоннадан 4,23 АҚШ долларын алып отырады.

«Қазтрансойл» ұлттық компаниясының 10 пайыз акциясы кезінде «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша жеке инвесторларға сатылған болатын. Қалған 90 пайыз акция «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншісінде.

Тегтер: