«Олимптің» құлауы
Салықтан жалтара отырып, интернет арқылы ойын бизнесін заңсыз жүргізгені үшін 2019 жылдың 29 қарашасында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен «Олимп» букмекерлік конторына Only bet ЖШС мен Alpha bet ЖШС берген лицензияларды алты ай мерзімге күшін жою үкімі шығарылған. Қазір букмекерлік контордың басқа да заңсыз қаржылық құйтырқылықтармен айналысқаны тексеріліп жатыр.
Салық және басқа да қаржылық заңбұзушылықтарды анықтау мақсатында Алматы қаласы бойынша ҰҚК Басқармасы прокуратура органдары қызметімен бірлесе отырып, соталды тергеу шаралары аясында заңсыз ойын бизнесімен айналысып келген «Олимп» букмекерлік конторының әкімшілік кеңсесіне тексеріс жүргізді. Алыс-жақын шетелдер мен еліміздің барлық аймақтарынан ойын кеңселерін ашып тастаған ең үлкен букмекерлік контораның бір ғана Алматыда 120-дай нүктесі бар.

Сурет: knb.gov.kz
«Олимптің» ресми ақпараты бойынша, контора өз жұмысын 2007 жылы 15 мамырда бастап, сол кезде букмекерлік қызмет жүргізуге 10 жылға лицензия алған. Яғни, ойын бизнесімен айналысу мерзімі 2017 жылы аяқталды. Сондай-ақ, E-Gambling Montenegro d.o.o компаниясы берген интернет арқылы ойын жүргізу лицензиясы да Черногорияда беріліп, контораның еуропалық клиенттерімен жұмысын жүргізетін қолдау қызметі де сол жақта екені анықталып отыр.
Бұған дейін аталмыш букмекерлік контораның қызметін зерттеген «Радиоточка» порталының ақпаратына сенсек, ресми құжаттарда «Olimp kz» букмекерлік конторасы» ЖШС-нің құрылтайшылары ретінде Жауыровтар отбасы аталады. Анарбек Орақұлы Жауыров (1972 ж.т.), Жәнібек Орақұлы Жауыров (1975 ж.т.) және Ғалия Әбдіназарқызы (1974 ж.т.). Ал контораны Олег Григораш басқарады.
Айта кетсек, контораның иелері - Дина Нұрпейісова атындағы Атырау академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері және белгілі күйші Орақ Жауыровтың келіні мен балалары. Жәнібек пен Ғалияның иелігінде «Olimp kz» букмекерлік конторасынан өзге, «Олимп» букмекерлік конторасы», «Олимп» букмекерлік орталығы» деген басқа да фирмалары бар. Ғалия Жауырова «Olimp kz»-тің экс-директоры Петр Давыденко мен Яна Байсұлтановалармен ортақ «Олимп» туристік компаниясының да акционері. Анарбекте ойын бизнесіндегі үлестен бөлек, апталық 10010 дана тиражбен түрлі-түсті форматта шығатын «Sport Review» журналының құрылтайшысы «Курьер-Экспресс» ЖШС бар екен.
Nege.kz