Олимпиаданың қола жүлдегері үш жылға бас бостандығынан айырылды
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты еркін күрестен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға үкім шығарды.
Астана, NEGE. Спортшыға Қылмыстық кодекстің екі немесе одан да көп билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері бабы бойынша айып тағылған.
15 желтоқсанда сот Дәулет Шабанбайды кінәлі деп таныды. Оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтейтін болды.
Сот барысында осы жылдың қыркүйегінде спортшының мас күйде Ұлттық ұланның үш әскери қызметкерінен құралған күзетке балағат сөздер айтып, кейін жұдырық жұмсағаны мәлім болды. Жанжалға әскерилердің оны көшеде тоқтатып, түскен шағым бойынша ескерту жасағаны себеп болған.
Ол әскери қызметкерлердің бірін итеріп, артынша оны тепкен. Одан кейін наряд бастығының бетінен, үшінші сарбаздың көзінен ұрған.
«Сол күні (сотталушы – ред.) кешкі сағат 18:00 шамасында кафеде екі литр сыра, сосын бір бөтелке арақ ішкен. Кафеден кейін қаланы аралауға шыққан. Кейін кафеге қайта барғанда, оны патруль күтіп алған. Ол полиция бөлімшесіне барудан бас тартқан, әрі қарай не жағдай болғаны есінде жоқ. Алайда тәртіп сақшылары қолын қайтарып, полиция бөлімшесіне жеткізгені есінде», – деп мәлімдеді үкімді оқыған судья.
Жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы 42 жастағы спортшыны төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Айыпталушының адвокаты оның спорттағы жетістіктері мен жағымды мінездемесін алға тартып, оны түрмеге қамамауды сұрады. Сондай-ақ Шабанбайдың кәмелетке толмаған балалары мен қарт ата-анасы бар екенін, отбасының жалғыз асыраушысы екенін атап өтті.
«Тек кешірім сұрағым келеді! Жігіттер, ренжімеңдер», – деді Шабанбай зардап шеккендерге.
Сот отырысында спортшы кінәсін толық мойындады, алайда жарыссөзге шығудан бас тартты.