«Өлімнен де ақша жасап жатыр»

Nege.kz порталы бұған дейін Алматыдағы №1 мәйітхана алдындағы кезек туралы жазған болатын. Онда 2-3 күннен бері жақынының мәйітін ала алмай жүргендердің жайы айтылды. Ұзын-сонар кезек әлі толастаған жоқ. "Жансақтау бөліміне түскен науқастың дені қара пакетке оралып шығып жатыр" дейді ет жақынынан айрылғандар.
Ол ол ма, сол мәйітхана алдында «Бір зиратқа күніне 80 шақты марқұм жерленіп жатыр. Тіпті, жер қазатын адам жетіспей жатыр» дегенді де айтып қалды жұрт. Сейфуллин көшесіндегі екі қолға бір күрек іздеген азаматтар да осы жұмысқа тартылған көрінеді.
Әлеуметтік желіде бір әйелдің «Шымыр, Крупская, Текелі, Кировск, Үштөбе, Зарячный, Заряның адамдарынан көмек сұрап жатырмын. Қолдарына күрек ұстай аламын жігіттер бар ма? Қабір қазуға адам жетпей жатыр! Қазірдің өзінде Еңбекте 3, Еркінде 3 бригада жұмыс істеуде. Бейіт басына келіп, көмектесіңіздерші, жігіттер!» деп жәрдем беруін өтінген бейнежазбасы тарады. Ол оқырмандарынан осы бейнежазбаны мейлінше көбірек таратуды сұраған. Демек, жағдай шынымен де мүшкіл.
Кеше журналист М.Козачковтың Телеграмдағы парақшасында жақынынан айрылған азаматтың жазбасы жарияланды. Онда Ринат деген желі қолданушысы былай дейді:
«Қазір «біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы». Бұл індеттің кесірінен қаншама отбасы қара жамылды. Соның бірі біздің отбасы. Онсыз да жүрек қарс айрылып тұрғанда, бейіт басындағылар да қал-қадерінше ақша жасап қалуға жанталасып жатыр. Алматы маңындағы «Батыс» зиратына келіп, мәйітті жерлейтін жерді рәсімдемек болдық. Жұрт бұл жерді «Бұрындай зираты» деп атайды. Сол жердегі әкімшілік: «Бізге мәйітті жерлеу үшін 60 мың теңге төлейсіз және одан бөлек тағы 54 мыңды Рысқұлов көшесіндегі қабірстанның әкімшілігіне бересіз» дегенді айтты. Біз «60 мың теңгені, 54 мыңды не үшін төлеуіміз керек?» деп сұрағанымызда: «Егер ресми түрде 54 мыңды төлесеңіз, жерлейтін орынды кәдімгі кезек бойынша қазады. Қазір күніне 100 орын қазып жатырмыз. Сондықтан сіздің кезегіңіз бір айдан кейін келеді» деп жауап берді. Біз мәйітті жерлейтін орынды тезірек дайындау үшін 60 мыңды төледік. Сосын 54 мыңды төлеу үшін Рысқұлов көшесіндегі әкімшілікке келіп, «Егер ресми түрде төлесек, мәйіт орнын қанша уақытта қазасыздар?» деген сауалды әдейі қойдым. «12 сағатта» деді. 30 күн емес, 12 сағат! Онда неге зират басындағылар 30 күн деп айтты? Бұл сұрақты әкімшіліктегілер естісе де, естімеген кейіп танытты. Демек, жер қазатындар да, жерлейтіндер де адамның қайғысынан қаншама ақша жасап отыр деген сөз».
Автордың жазуынша, егер күніне 100 адамды 60 мың теңге төлеп жерлесе, бір айда 180 млн теңге болады екен. 180 млн теңге! Бәзбіреулер өлімнен де қалтасын қампайтып жатыр деген сөз.
Ауруханаға өз аяғымен барған адамды дәрі-дәрмек таппай қолдан өлтіретіні бір бөлек, мүрдесін мәйітхана алдынан күндіз-түні кезекті тұрып, тағы ақша төлеп алады. Қайғыдан қан жұтып отырған отбасынан марқұмды жерлеуге тағы 60 мың тағы сұрайды! Қандай қоғамда өмір сүріп жатқанымызды осыдан-ақ білуге болады. Әр қадам аттаған сайын – ақша! Ең өкініштісі, біреудің көз жасынан ақша жасайтын арсыздардың қоғамына айналып кетіппіз. Жанға бататыны да осы...