Олигополияның Ақордаға «жорығы». ҰҚК не дейді?

Қаңтар бүлігінен кейін көрінбей кеткен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев жұрт алдына қайта шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке басына, отбасына және командасына шабуыл үдеді. Қолға түсіп қалған олигархтарға салынған қылбұрауды билік бұрынғыдан да қыса түсті...
Соңғы күндердегі осындай іркес-тіркес оқиғалар белгілі бір ойға жетелейді. Бұл «саяси жауырыншылар» мен жасырын боттардың төбесіне жамбы лақтырғандай әсер қалдырғаны да рас.
Солардың бірі бүй деп болжам жасайды: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен олигополия арасындағы текетірестің жаңа толқыны басталды. Олигополияның басында Н.Назарбаевтың өзі тұр. Оның жұрт алдына шығуын «шабуылдың жаңа толқыны басталды» деп бағалауға болады...».
Қаңтар қырғынынан кейін олигополияның басым бөлігі елден кетіп үлгерді. «Күйбің тірлікпен» кідіріп қалған кейбірі – түрмеде. Әдетте қырғи-қабақ кландар мен қаржылық топтар елдегі саяси жағдайға байланысты біріге қалатыны белгілі. Осы жолы да соған ұқсас процесті байқағандай болдық.
Фото: elbasy.kz
Елде түбегейлі өзгеріс болғанын қаламайтындар қазіргі билікті қаралауға тырысып-ақ жатыр. Соның бір парасы Тоқаевқа тиесілі дүние-мүліктер туралы «зерттеу» болуы әбден мүмкін. Алайда бұл экс-президент Назарбаевтың мүлік-мүкәммалымен салыстырғанда, «кедей қызының жасауындай» болып көрінетіні анық.
Жоғарыда олигополия өкілдерінің кейбірі ұсталғанын айттық. Олардың кімдер екені белгілі: Кәрім Мәсімов, Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаев.
Соңғы екеуінің бизнесін демонополизациялау жүріп жатыр. Мәселен, Сатыбалды «Қазақтелекомның» 30 пайызға жуық үлесін мемлекетке қайтарды. Бұрынғы әйеліне қатысты күнара жаңадан қылмыстық іс қозғалуда. Боранбаевтың да жайы осыған ұқсас. Жылжымайтын мүліктер мен көлік тұрақтарынан түскен «тиын-тебені» мемлекеттің қоржынына қайта құйылуы бек мүмкін...
Қ.Тоқаевтың бизнесмендермен кездесуі. Фото: akorda.kz
Осы Боранбаевтың бизнесін Бауыржан Байбекпен байланыстыратындар бірдеңе білетін сияқты. Өйткені Боранбаев Алматыдағы аса қымбат жерлерді Байбек қала әкімі болып тұрғанда алған, паркинг бизнесі де Байбектің тұсында дәуірлепті.
Алайда Боранбаев – түрмеде, ал Байбек қажылықта жүр. Ол қажылыққа Боранбаевты босатуды құдайдан сұрау үшін бармағаны тағы анық...
Осы айдың басында, жұрт Байбектің қайда екенін бал ашып біле алмай жатқан тұста ҰҚК-ге ресми сауал жолдағанбыз. Негізі, сауалдарымыз ҰҚК Шекара қызметінің директорына еді. Алайда Шекара қызметінің директоры әлі тағайындалған жоқ. Сол себепті ресми сауалды ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевтың тікелей өзіне жолдадық.
Хатта мынадай сауалдар бар еді: Жоғары лауазым атқарған бұрынғы шенеуніктердің арасында ҚР шекарасынан шығуға шектеу қойылғандар бар ма? Н.Нығматулин, А.Мамин және Б.Байбектің Қазақстан аумағынан шығуына шектеу бар ма? Аты-жөні аталған азаматтардың қайда екені ҰҚК-ге белгілі ме? ҰҚК бұл азаматтарға қатысты қандай да бір тергеу амалдарын жүргізіп жатыр ма?
ҰҚК-нің бөлімше бастығы С.Ахметқалиевтен төмендегідей жауап келді:
«...Жоғарыда мазмұндалғанға сәйкес сұратылған деректерді беруге құқықтық негіздер жоқ.
Сонымен қатар ҰҚК-де Н.Нығматулинге, А.Маминге және Б.Байбекке қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер жоқ екенін хабарлаймыз.
Осыған байланысты сұрау салуда көрсетілген мәселелер бойынша мәліметтер жоқ».
Б.Байбек Меккеде. Фото: әлеуметтік желіден.
Қош, Байбектің Қазақстанда жоқ екенін, оның умра қажылықта жүргенін әлеуметтік желіден білдік. Ал қалғандары қайда? Олар немен айналысып жүр? Ақордаға кезекті «жорыққа» дайындалып жатқан жоқ па?
Ресми органдардан бұл сұрақтарға нақты жауап жоқ. Олай болса, тағы да желіні аңдуға мәжбүрміз...