Олигархияның билігін шектейтін заң бізде НЕГЕ жоқ?
Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін
Зеленский «зың» екен: сайлау алдында «олигархтардың билігін шектеймін!» деген уәдесін орындап, Радада тиісті заң қабылдатты!
Құжаттың атын толық келтірейін: «Қоғамдық өмірде қомақты экономикалық және саяси салмағы бар тұлғалардың шамадан тыс ықпалының ұлттық қауіпсіздікке келтірер қауіптерінің алдын-алу туралы» заң.
Әрине, заң аты тым шұбалаңқы, ойнап тұрған жоқ, бірақ заты ойнап-ақ тұр!
Осы ресми, бюрократиялық атаудың артында неткен тағдырлы талас-тартыс, Шекспир қаламына лайықты иірімді интригалар мен қанқұйлы құйтырқылықтар жатыр десеңізші!
Біз де, қазақ қоғамы, билік пен байлыққа ие боп алған ат төбеліндей топ туралы жиі жазамыз. Оларға қал-қадерімізше әртүрлі сиптаттама береміз (бірақ олар біздің сынымызды бит шаққандай көріп жатыр ма?!). Бір қызығы, дәл осы заңда олигархтардың кім екені құқықтық тұрғыдан алғанда тайға таңба басқандай, кедір-бұдырсыз, ап-анық әрі түсінікті жазылған.
В.Зеленский. Фото: Reuters
«Заманның жаңа қожайындарын» басқа жұрттан ерекшелендіретін белгі төртеу екен: саяси өмірге белсене араласатындар (бұл санатқа елдің саяси табына (класына) енетіндердің бәрі кіреді, оған, соның ішінде, саяси ұйымдарға, партияларға қаржылай көмек бергендер мен саяси митингі ұйымдастырушыларға қызмет көрсетіп, техникамен көмектескендерге дейін бәрін тізіп қойған), БАҚ-қа айтарлықтай ықпалы барлар, белгілі бір нарықта монополист-компания қожайындары және сомасы миллион күнкөріс минимумына тең активі барлар (Украинада ол 83 миллион доллар болса, бізде шамамен 90 миллион доллардай болмақ).
Заңға сәйкес, осы төрт көрсеткіштің үшеуі сенің бойыңнан (декларацияңнан, шотыңнан, офшорыңнан) табылса, сен ресми түрде олигарх боп саналасың.
Әрине, астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп тұрған олигарх деген құбылыстың басқа да критерийлері де бар. Бірақ әзірше осы төрт белгі бізге де, Украинаға да жетерліктей деп ойлаймын.
Аталмыш белгілерін анықтап алған соң, олардың арнайы реестрі жасалады екен.
Және де кімнің олигарх екенін анау-мынау емес, Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі анықтауға өкілетті.
Алпауыттар реестріне енгізілген тұлға саяси партияларды, саяси талаптары бар үгіт-насихат, митингілер мен демонстрацияларды қаржыландыруға және ірі нысандарды жекешелендіруге қатысуға құқы жоқ!
Оған қоса, олигархтар жыл сайын ашық, қолжетімді режимде өздерінің мүліктік декларациясын жариялап отыруы тиіс.
Заңда саясаткерлердің, шенеуніктер және лауазымды тұлғалардың ұзын-сонар тізімі келтірілген. Ондағылар белгілі бір олигархпен немесе оның өкілімен жеке, телефон не хат арқылы байланысқа түсе қалса, ізін суытпай Қауіпсіздік кеңесіне тиісті декларация тапсыруға міндетті. Ол қағазда қайда және қашан, кім кіммен кездескені мен әңгіменің қысқаша мазмұны көрсетілуі шарт. Ондай есеп бермеген кез келген жауапты тұлға дереу қызметінен қуылады.
Карикатура: ғаламтордан
Басқа елдің заңнамасында жазылған мұның бәрін мен неге тәптіштеп тізіп жатырмын?
Қазақстан мен Украина – Совет империясының шекпенінен шыққан, соңғы жүз жыл шамасындағы тағдыры мен тарихы бір мемлекеттер. Коммунистік идеологияның зардабын шекті. Ол тұста партия-совет номенклатурасы қалыптасты. Совет одағы ыдырағанда бір мезгілде Тәуелсіздік алды. Кешегі социалистік, жоспарлы-нұсқаулы шаруашылықтан бір сәтте «кеңес капитализміне», жабайы нарыққа сүңгіп кетіп, кешегі бірінші хатшылар, төрағалар мен директорлар алып – алты, жеп – жеті болды. Қаймана халық болса, тақияда тамтығы қалмай, сыбағасынан құр қалды!
Осы тұрғыдан алғанда «олигархия» секілді құбылыстың қалыптасуы жолдары мен нәтижелері де екі елде де ұқсас, бір-бірінен аумайды, бірі істегенді екіншісі қайталайды.
Ең бастысы бізде де, Украинада да, басқа да постсоветтік елдерде де олигархия әлі де тағынан түсе қойған жоқ, өз күшінде. Сүйекті екі жағынан ұстап, ортасынан тістеген олар билік тармақтарын өз қалауынша құрып алып, өздеріне ыңғайлы заңдарды қабылдатып, бұқараны билеп-төстеп, халыққа тиесілі табиғи байлықты сорып, өрескел түрде байып жатыр! Кеше коммунист терісін жамылған олар бүгінде өңін айналдырып алды: шетінен либерал әрі демократ!
В.Зеленский мен Қ.Тоқаев. Фото: akorda.kz
Әрине, өздерін тәубаға келтіріп, екі аяғын бір етікке тыққысы келетін Зеленскийге олигархтар өре түргеліп, қарсы шығуда. Асауға құрық салғандай шыңғырып-ақ жатыр. Өздеріне тықыр таянғанын сезген олар енді өліспей беріспейді. Өйткені заңға мойынсұнса, сонда аталған қаржылық-саяси ықпалдан айрылса, олардың арты ашылып қалады әрі күні қараң болмақ. Ол қарсылықты осы күндері олар иелік етіп отырған БАҚ-тан ап-анық көруге болады (жоғарыда аталған екінші белгі). Реформатор президентке қарсы сойқан әрі сұрапыл ақпараттық соғыс басталды. Оның ең жақын серіктесі – бірінші көмекшісіне қарсы оқ атылды.
Бәлкім, бізде осындай, олигархтарды тәртіпке салатын заң қабылданбауының басты себебі де осы болар?..