28 Ақпан 10:41

«ӨЛІ денелерді тапқан кездегі СЕЗІМДІ айту қиын...» – Түркияда болған құтқарушы

Фото:

Бауырлас халық, түрік еліндегі апат кезінде Қазақстаннан аттанған 100 құтқарушының елге оралғанына да аптадан асып барады. Олар Түркияның Газиантеп, Хатай, Қахраманмараш, Нұрдағы қалаларында жедел құтқару-іздестіру жұмыстарын жасап, 90-ға жуық адамның денесін қирандылар астынан алып шыққан.

Бүкіл әлемді дүр еткізген апат аймағында болып қайтқан Астана қалалық жедел құтқару жасағының құтқарушысы Айдын ҚИЫМБАЕВ NEGE-ге сұхбат берген еді.

– Сіздер Түркияға қай күні аттандыңыздар?

– 6 ақпан күні Алматы қаласының құтқарушылары бірінші эшелонмен кетті де, ал біз Астададан екінші эшелонмен 8 ақпан күні аттандық. Алматы, Астана, Көкшетау және Қарағанды қалаларынан 100 құтқарушы жиналды.

Көкшетау құтқарушылары алматылықтармен бірге Газиантепте қалды да, біз Астана мен Қарағанды құтқарушылары одан 60 шақырым жердегі Нұрдағы деген жерде құтқару жұмыстарын жасадық. Елге он тоғызы қайттық.

– Шетелдерден 80-нен астам елдің құтқарушылары болды деп жатыр. Сіздер қай елдің өкілдерімен бірлесе жұмыс істедіңіздер?

– Бізге бөлінген Нұрдағыда тек түрік халқының құтқарушылары жүрді. Ал біз басқа ешқандай елдің құтқарушыларын араластырғанымыз жоқ. Қазақстан Республикасынан барған ТЖ мамандары бара сала екіге бөлініп алып, күндіз-түні, тәулік бойы құтқару-іздестіру жұмыстарына кірісіп кеттік.

А.Қиымбаев.

– Тәулік бойы еш демалыс болмады ма сонда?

– Барған бірінші күні демалатындай мүмкіндік болмады. Қирандылар астында тірі адамдар болғаны анықталғаннан кейін біз тәуліктен аса жұмыс істеп, үш адамды құтқарып алып шықтық. Олар – егде жастағы әйел мен қызы, сосын бір ер адам. Әсіресе, ер адам қатты қысылып қалған екен, оны алып шығу қиын болды.

Қалған күндері кезекпе-кезек екі ауысыммен 8 сағаттан талмай құтқару шараларын жасадық.

– Қиранды астынан адам табылған кезде оның тірі болғанын тілейтін шығарсыздар...

– Әрине, солай. Өйткені біздің мақсат адамды үйіндінің астынан тірі күйінде аман алып шығу ғой. Өлі денелерді тапқан кездегі сезімді айту қиын. Біз Нұрдағы қаласындағы құтқару-іздестіру жұмыстары кезінде 8 тірі адамды, 10 мүрдені алып шықтық.

– Құтқару жұмыстарына керек техникаларды түріктер қамтамасыз етті ме?

– Үлкен кран, трактор, экскаваторлар Түркияның құтқарушыларында болды. Ал біз өзімізбен бірге түрлі тіреуіш, көтергіш, домкрат сияқты ең қажетті деген құрал-жабдықтарымызды алып барғанбыз. Біз қирап қалған үйіндінің екі жақ бүйірінен тесіп, өзіміздің тіреуіштерімізді қою арқылы астына кіріп, адамдарды іздедік.

– Адамдардың өлі-тірі екенін анықтауға құтқарушы иттердің көп көмегі тиді деп жатыр.

– Иә, ол рас. Иттер де бізбен бірге 8 сағаттан кезектесіп жұмыс істеді. Астана қаласынан екі, Қарағандыдан екі кинолог барған еді.

– Құтқару кезінде ешқандай жарақат алған жоқсыз ба? Отбасыңыз сіз үшін қатты алаңдаған болар?

– Ауыр жарақат алғаным жоқ. Иә, әрине, отбасымыз алаңдайды. Әр құтқарушының жақындары тілеуімізді тілеп отырды. Демалуға келген кезде тек соған жауап беріп қана үлгересің. 10 күнге жуық уақытта туыстас бауырларымыздың жанында болып, барынша көмегімізді көрсетіп, елге де оралдық.

Тегтер: