«Өлгендердің денесін көметін ешкім жоқ...» – Палестиналық дәрігер Газа секторындағы жағдай туралы айтты
2023 жылдың қазан айында Израиль мен ХАМАС арасында басталған соғыс әлі жалғасуда. Газа секторындағы миллионнан астам бейбіт тұрғын босып кетті,оққа ұшқандар мен аштықтан өлгендердің есебі жоқ...
NEGE тілшісі Газа секторының тұрғыны, соғыс басталғаннан ауруханада қызмет етіп келе жатқан Хамам Альшантимен сөйлесіп, аймақтағы жағдайды сұрады. Соғыс аймағындағы ахуал туралы төмендегі мақаладан оқыңыз.
Хамам Альшанти соғыс басталғанда Газа секторының ең үлкен ауруханасы Әл-Шифада ерікті ретінде жұмыс істегенін айтады. Ол жарақаттанғандардың жарасын таңу, басқа да түрлі медициналық көмек көрсету, ауруханаға түскендер туралы есеп беру сияқты маңызды жұмыстар атқарған.
«Күні-түні көз ілмей жұмыс істедім. 2023 жылы 13 қарашада бізді оккупациялық армия қоршауға алды. Аштықпен және шөлмен қинау, медикаменттер жеткізуге тосқауыл қою әрекеті бірнеше күнге жалғасты», – дейді Хамам Альшанти.
Қым-қуыт соғыста Хамам Альшанти отбасымен байланысты жоғалтып алыпты. Соған қарамастан, ол медициналық бригадамен бірге Газаның солтүстігін оңтүстіктен бөліп тұрған «Незарим» бақылау-өткізу пунктіне барған.
Бұл туралы дәрігер былай дейді: «Тағдырымыз қыл үстінде тұрды. Оккупанттардың көзіне түсіп қалған кез келген адам оққа ұшты немесе түрмеге түсті. Құдайға шүкір, мен бұл тозақтан аман қалдым да, оңтүстіктегі Юнис қауіпсіз аймағындағы Насер ауруханасына жеттім. Екі күннен кейін анаммен байланысқа шығуға мүмкіндік алдым. Анам маған екі інім мен әкемнің ажал құшқанын, үйіміздің қирағанын айтты. Тірі қалған анам мен аутизм дертіне шалдыққан кіші інім Абудты оңтүстікке алдырдым».
Алғашқыда Хамам анасы мен інісін Насер ауруханасына орналастырған. Одан кейін жақындарын Дейр әл-Балахтан алыс емес жерде шатырға жеткізіп, сол жерде бәрі бірге тұрып жатыр. Ал өзі қазір әскерден босатылған, «Әл-Шифаа» медициналық орталығында біраз уақыт жұмыс істеген соң, «Насер» медициналық кешенінде, Еуропалық ауруханада көмек көрсеткен. Қазір «әл-Ақса» ауруханасында ерікті ретінде жұмысын жалғастыруда.
«Мен Газаның барлық ауруханаларында ерікті ретінде жұмыс істедім. Осы уақытқа дейін ешқашан еңсемді түсіргенім жоқ. Себебі парызымды орындадым және жазықсыз адамдардың өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерімді жұмсадым», – дейді Хамам Альшанти.
Қазір Газа аймағындағы жағдай тым мүшкіл. Дәрі-дәрмек те тапшы. Бұл туралы ерікті былай деді: «Дәрі-дәрмек тапшы, азық-түлік пен су да жоқ. Бақылау бекеті жабылып қалғандықтан, бұрынғыдай көмек ала алмаймыз. Жағдай өте күрделі. Соғыс басталғалы бері елу мыңнан астам адам құрбан болды. Оққа ұшқандардың, аштық пен шөлден өлгендердің денесі көшелерде жатыр, олардың денесін көметін ешкім жоқ».
Армандары мен болашаққа құрған жоспары күл-талқан болған Хамам Альшанти ғана емес, бұл – аймақтағы барлық тұрғынның басына түскен кеп. Өмірі түбегейлі өзгерген жас жігіт қайырымды жандардан көмек күтетінін айтты.
«Газадағы соғыс халықтың өмірін түбегейлі өзгертті. Соғысқа дейін арманым көп еді, болашақтан үмітім болды, бірақ оның бәрін соғыс аяқ асты етті. Ендігі арманым – отбасымды қауіпсіз жерге жеткізу. Себебі біз соғыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Білім жоқ. Мектептер қирап қалды. Жастардың болашағына балта шабылды», – деп күрсінді Хамам Альшанти.
Газалық дәрігер Хамам Альшантидің Англияның Манчестер қаласында тұратын бауыры Нассер Альшанти арнайы парақша ашып, оған көмек қолын созғысы келетін жандарға дәрігердің үндеуін жеткізді.
Автор: Зере Нарбекова.