25 Сәуір 15:25
...

«Ол ТАШКЕНТТЕ жүр»: Тұрғымбаев «ШТИРЛИЦ» пе?

Фото:

Бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВТЫҢ Қаңтар оқиғасынан кейінгі ізі көмескіленіп кетті. Қанды қырғыннан соң Президент оны отставкаға жіберген, кейін аз уақытқа кеңесші етіп алды. Содан кейін Тұрғымбаев жоқ болды...

NEGE порталы Тұрғымбаев туралы дерек іздеп үш бірдей мемлекеттік органға ресми сауал жолдады. «Тұрғымбаев қазір қайда? Ол мемлекеттік органдарда қандай да бір лауазымды қызмет атқара ма? «Қаңтар оқиғасы» бойынша оның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны рас па?» деген сауалдар қойдық.

Ішкі істер министрлігінен мынадай жауап келді: «Ішкі істер экс-министрі Тұрғымбаев Ерлан Заманбекұлы «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2022 жылғы 27 тамыздан бастап ІІМ кадрларында қалдыра отырып, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне іссапарға жіберілді (негіздеме ҚР СІМ 27.08.2022 жылғы № 24-2-18/728 ж/қ бұйрығы).

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы К.Мәсімовке және басқаларға қатысты «қаңтар оқиғасы» бойынша сотқа дейінгі тергеуді Бас прокуратура жүзеге асырды».

ІІМ жауабы қолымызға тиген соң сауалдарымызды Бас прокуратураға жібердік. Қадағалаушы органның жауабы міне: «Бас прокуратура Сіздің ІІМ-нің бұрынғы басшысы Е.Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс тіркелгенін жəне оған қатысты басқа деректер сұрау жолданымыңыздықарады. Қазіргі таңда Е. Тұрғымбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің тіркелмегенін хабарлаймыз».

ІІМ Тұрғымбаевтың «Сыртқы істер министрлігіне іссапарға жіберілгенін» айтқан соң оларға да хат жібердік. СІМ-нің жауабы тіпті қызық екен: «ҚР Сыртқы істер министрінің 2013 жылғы 29 тамыздағы № 08-1-1-1/375 бұйрығымен бекітілген Жүзеге асырылатын міндеттерді орындау үшін қажетті және жеткілікті дербес деректердің тізбесіне сәйкес Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) дипломатиялық қызмет персоналының қызметі туралы ақпарат (лауазымының, құрылымдық бөлімнің, ұйымның, оның атауы және т.б.) дербес деректерге жатады.

Өз кезегінде «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1-тармағына сәйкес субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімі болған жағдайда ғана дербес деректерді таратуға жол беріледі.

Осыған орай, Министрліктің қазіргі және бұрынғы қызметкерлеріне қатысты қандай да бір мәліметтерді қызметкерлердің немесе олардың заңды өкілдерінің рұқсатынсыз ұсыну мүмкін емес екенін хабарлаймыз».

Қысқасы, Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты деректерді құзырлы органдардың ешқайсысы бермеді. Сондықтан оны өзіміз зерттеуге кірістік.

Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, Ерлан Заманбекұлы қазір Ташкентте жүр. Жүргенде де ол жәй жүрген жоқ, Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы аймақтық құрылымында (РАТС ШОС) жұмыс істейді.

Бұл ұйым 2002 жылы Санкт-Петербургте өткен ШЫҰ-ға мүше елдер басшыларының жиынында құрылған. Негізгі қызметі – терроризм, экстремизм, сепаратизммен, аймақтық және глобалды деңгейде күрес. Ұйымның штаб-пәтері Ташкентте орналасқан. Төрағасы да өзбек – Руслан МИРЗАЕВ.

Төрағаның алты орынбасары мен бір кешесшісі бар. Орынбасарларының бірі қазақ – Қанат ОРАЗҚҰЛОВ. Кеңесшісі Қытай азаматы – Ли КЭМИН.

Сонда Е.Тұрғымбаевтың атқаратын қызметі қандай? Ташкентке «Тәшкен палауын» жеу үшін бармаған шығар? РАТС ШОС сайтын қарап отырып Ерлан Заманбекұлының көпшілікпен бірге түскен фотосын тауып алдық. Ерекең қасқайып дәл ортада тұр!

Фото: ecrats.org

Бұл фото өткен жылдың қараша айының соңында Қазақстанның төрағалығымен ШЫҰ-ға мүше елдердің құқықтық сарапшыларының Ташкентте өткен жиынында түсірілген екен. Е.Тұрғымбаевтың аты-жөні ұйым басшыларының тізімінде жоқ. Алайда тұрақты оқырманымыз Ерлан Заманбекұлының «кеңесші» екенін айтты. Бәлкім, штаттан тыс кеңесші шығар, өйткені ресми кеңесші қытай азаматы.

Құзырлы органдардың Е.Тұрғымбаевтың жүріс-тұрысын сонша құпиялап, «Штирлиц» жасауға шақ қалғаны қызық болды. Қаңтардан кейін «ескі көздердің» біразы Мәскеу мен Петербор асқан. Ал біздің «Штирлиц» Тәшкенде жүр екен...   

Тегтер: