«Ол сүйекті не істемексіздер – мүжисіздер ме?»
Белгілі журналист Сәкен Сыбанбай Фейсбуктегі парақшасында «Жазушы Мұхтар Мағауинды неге елге әкеліп жерлемеді?» дегендерге жауап берді.
Алматы, NEGE. «Мұхтар Мағауин ақсақалдың сүйегі өзі ұрпағына алдын ала айтқан, аманат еткен жеріне қойылады екен. Бұл мәселеде дау тудыру қажет емес-ау. Ал сүйек іздеп сүйкеніп отырған кісілерге айтарым:
Сол сүйек осыдан он сағат бұрын тірі болды ғой.Он күн бұрын да аман еді.Он ай бұрын да...Он жыл бұрын да...Сол кезде неге қажет етпедіңіздер? Неге тап осы өле қалғанда керек боп жатыр сол сүйек? Ол сүйекті не істемексіздер – мүжисіздер ме? «Ойбай, өз жерінде, өз топырағында жерленсін» деген өтірік патриоттық па? Немене, Америкаға жерленсе, одан Мүңкір-Нәңкір ағылшынша жауап ала ма екен? Әрі-беріден соң, баяғы махамбетшілесек, «Садағына сары шіркей ұялап, Жау іздеген ерлердің, Қайда басы қалмаған?»...
Мағауин – сүйек, дене, тән деген физикалық деңгейден әлдеқашан асып, аңыз тұлғаға айналып кеткен жоқ па? Оның қайда жерленуі сұмдық маңызды ма? Мен, мәселен, Эйнштейннің қайда жерленгенінен хабарым жоқ. Хемингуэйдің бейіті қайда – білесіз бе? Чехов где? Знать не знаю. Олар сүйегінен бұрын сүбелі еңбегімен қалды тарихта! Сіз де, сүйекке ұмтыла бермей, сүйікті жазушыңыздың шығармаларына тереңдеп үңіліңіз, кітаптарын қайталап оқыңыз. Балаларыңызға оқытыңыз! Сонда Мұхаңның рухы да шат болады, Алла сізді де назарынан тыс қалдырмайды», – деді ол жазбасында.