27 Мамыр 18:20

«Ол кісі әлі тірі ғой...» – Назарбаев қорына НЕГЕ ешкімнің тісі батпады?

Қор
Фото: Коллаж NEGE

Бұған дейін Nege.Aqsha Telegram-арнасы Қазақстандық авторлар қоғамының сотта Назарбаев қорынан жеңіліп қалғанын жазған болатын. Қор апелляциялық сотта да жеңіске жетті.

Естеріңізге салайық, авторлық қоғам қордан белгілі фотограф Константин Киквидзеге Оливер Стоунның экс-президент туралы деректі фильмінде кадрлар пайдаланғаны үшін 26,9 млн теңге төлеуді талап еткен. Алайда, судьялар алқасы бірінші сатыдағы сот шешімінде Киквидзенің шетелдік Global 3 Pictures компаниясымен келісімдері болғанын және ол өз талаптарын Назарбаев қорына емес, сол компанияға ғана бере алатынын айтқан.

Фонд
Фото: ғаламтордан

2019 жылы желтоқсан айында ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы шетелдік Global 3 Pictures компаниясынан бекітілген сценарий бойынша Назарбаев туралы фильмге тапсырыс берген. Орындаушы деректі фильмнің әлемдік премьераларын, сондай-ақ оның халықаралық орындарда көрсетілуін ұйымдастыруға және өткізуге міндеттелген. Ал 2020 жылдың тамызында фильмге қатысты құқық қорға берілген. Global 3 Pictures компаниясының бас атқарушысы Игорь Лопатеноктың айтуынша, деректі фильм 2019-2022 жылға дейінгі аралықта түсірілген.

Фотограф
К.Киквидзе. Фото: ғаламтордан

Фотограф Киквидзе мен оның командасына 2020 жылдың маусым-шілде айларында Ақтаудан Алматыға түсірілім экспедициясын ұйымдастыру жұмысы тапсырылып, оған 16,2 млн теңге төленген. Алайда, пандемияға байланысты сапар тоқтатылса, да Киквидзе фильмге енгізілген кадрларды тауып берген. Компания бұл материалдарды фильмде пайдаланғанмен, фотограф оны лицензиялауға қатысты ешқандай құжат рәсімдемеген. Калифорния штатының заңы бойынша материал құқығына Global 3 Pictures компаниясы ие екен.

NEGE тілшісі Қазақстан авторлары қоғамына хабарласып, мән-жайды сұрады. Авторлар қоғамы төрағасы Байғали Есенәлиев әу баста бұл істен хабары жоқ екенін айтқанымен, іле-шала қоғам арқылы басқа заңгердің сотқа жүгінгенін жеткізді.

Бұл туралы қоғамның заңгері Құрмаш ТҰРҒЫНБАЕВ түсініктеме берді.

Заң
Фото: azattyq-ruhy.kz

– Қоғамның атынан заңгер Нұрсұлтан Сүлейменов Киквидзенің талабы бойынша осы жылдың басында арыз берген. Бірақ сот наурыз айында талап арызды қанағаттандырусыз қалдырды. Ал екінші болған отырыс туралы естіген жоқпын. Жалпы, фотографтар бізге тіркеліп, қоғамға мүше болады. Олармен арада келісімшарт бар. Солардың құқығын қорғау үшін талап арыз түсірсе, сотқа бере береміз.

Әйгілі фотограф Константин Киквидзе де біздің қоғамға мүше. Қазақстанның азаматы. Сондықтан «суреттерімді пайдаланып кетті» деген арызы арқылы іс сотқа түсті. Қорға мүше болған соң арызына бейжай қарамауға тиіспіз. Қазақстан авторлық және сабақтастық құқық туралы заңда да кез келген мүшенің авторлық құқығын қорғау туралы жазылған. Алайда, оның фото материалдарын фильмге пайдаланып, ақшасын төлемей кеткен. Былайша айтқанда, ешкімнің қорға тісі батпады. Атына да қарамайсыз ба, ол кісі әлі тірі ғой», – деп түйіндеді пікірін.

Тұңғыш президентті мадақтайтын деректі фильм Ұлттық кинематографияны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталықтың тапсырысымен түсірілді. OCCRP деректері бойынша, фильмді түсіру үшін Назарбаев Қоры төлеген және оған кемінде 5 миллион доллар жұмсалған.