Өкпені жасанды желдетуге арналған аппараттар жеткіліксіз
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов онлайн брифинг барысында коронавирус инфекциясы бойынша өңірдегі ахуалды баяндады.
Aлматы, NEGE. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, СҚО-да эпидемиологиялық жағдай күрделі. Ауырғандар саны өткен тәулік ішінде 1,9 % артты. Инфекциялық стационарларда 136 адам емделіп жатыр. 545 адам тәуір болды.
«Қазіргі уақытта сұраныстың артуына байланысты 1-інші қалалық аурухана, Облыстық фтизиопульмонология орталығы және М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов аудандарында төсек-орын санын 65-тен 435-ке дейін көбейтік. Провизорлық стационарларда 100-ден 905-ке, соның ішінде облыстық ауруханада 200-ге, қалалық ауруханада 110-ға, Қызылжар аудандық ауруханасында 120-ға дейін артты», - деді ол.
Облыс әкімі атап өткендей, емдеу мекемелерінде жатын орын жеткілікті – 1 340 орын бар. Оның 435-і – инфекциялық, 905-і – провизорлық. СҚО әкімі сондай-ақ соңғы 3-4 күнде әлеуметтік желідегі парақшаларына келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Тұрғындарды қызықтырған мәселенің бірі – облыстың қажетті медициналық қондырғылармен қамтылуы. СҚО-дағы жағдай басқа өңірлермен ұқсас, яғни өкпені жасанды желдету аппараттары жеткіліксіз.
«Індетке дейін облыста өкпені жасанды желдетудің 76 аппараты болды. Жергілікті бюджеттен 150 млн теңге бөліп, экспертті класқа жататын 5 аппарат алдық. Өткен аптада жергілікті бюджеттен тағы 400 млн теңге бөлдік. Ай соңына дейін өкпені жасанды желдетудің тағы 20 қондырғысы келуі керек», - деді өңір жетекшісі.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, қазір Денсаулық сақтау министрлігімен желтоқсан айында жеткізілуі тиіс өкпені жасанды желдетудің 38 аппаратын қыркүйекте алу бойынша мәселе қарастырылып жатыр.