18 Сәуір 18:47
...

Өкілеттілік шектеледі, бірақ супер президент қалады

Фото:

Әділет министрі Қанат Мусин мәлімдеген Президенттің өкілеттілігін шектеу мәселесі осыны көрсететіндей. Басты өзгерістерді санамалап кетсек, Президент енді елді басқарып отырған уақытында саяси партияға мүше бола алмайды.

Сондай-ақ жақын туыстарының бірқатар лауазымды қызмет атқаруына тыйым салынды. Конституциялық кеңес және Жоғары сот кеңесінің мүшелерін емес, тек қана аталған органдардың төрағаларын ғана тағайындай алады. Облыс, аудандық әкімінің шешімдеріне араласпайтын болды. Мұның бәрі заң жүзінде бекітілмек.

«Бұл – супер президенттік басқару формасынан мықты парламенті бар президенттік формаға өтудің нақты образы. Оған Президент атаған реформалар арқылы жетеміз деп сенемін», – деді министр.

Қ.Мусин. Фото: ortcom.kz

30 тамызға дейін Қазақстан үкіметі бірқатар заң жобаларымен бірге президенттің өкілеттіктеріне қатысты түзетулерді де парламентке ұсынбақ. Бұған қатысты қоғамдағы пікір де сан алуан болып шықты.

Қарлығаш Нұғманова, Халықаралық «Шығыс-Батыс» геосаяси болжау орталығының президенті:

Бұл – ескі жүйенің күйреуі

– ­­Бұл парадигма бүкіл мемлекеттік аппараттың оңды ілгерілеуіне түрткі болады. Саяси бәсекелестікті нығайтады. Менің ойымша, осы өзгерістер барлық партиялардың теңдей танымалдыққа ие болуына ықпал етпек.  

Жақын туыстардың лауазымды қызметке тұра алмауы ескі жүйенің күйрегенін көрсетеді.

Геосаяси тұрғыдан аумалы-төкпелі заманда заманауи қазақстандықтың психоэмоциалды және менталды портретін ескерген абзал. Қазіргі кезеңде Қазақстан халқына нақты идеология емес, пост-модернистік ұстындарға сәйкес жаңа нәрсе керек. Бұл әлемнің жаңа келбетін айқындауға мұрсат береді.

Бүгінде нақты құндылықтар жоқ. Әлем құбылып тұр. Сондықтан тұрақты мемлекеттік идеология ­– өткеннің еншісіндегі дүние.

Дос Көшім, саясаткер:

Адам құқығын шектеу дұрыс емес

­­

– «Президенттің туған-туыстары лауазымды қызмет атқармауы керек» дегенге өз басым қарсымын. Дубайды Дубай еткен, елді елу жыл басқарған шейхты әкесі жиырма жасында Біріккен Араб әмірлігінің қарулы күштерінің басшысы етіп тағайындаған. Әкесі қайтыс болған соң, ағасы ел басқарды. Ағасы өлген соң, тізгін бұған тиді.

Олар туған туыстарымен бірге БАӘ-ні гүлдендіріп отыр. Мәселе ­– адамдардың адамгершілігінде, тәрбиесінде және моральдық ұстанымдарында.

Арамдық жасағысы, «жегісі» келген адам алыс туысқанын көтеріп, ақшаны соған ұстата алады. Немесе досы арқылы ісін тындыра бермек. «Әйелі мен баласын көтермеген ­– ­таза адам» деушілік ­– ақымақтық. Сондықтан адам құқығын шектеу дұрыс емес.

Малайзияның премьер-министрі Махатхир Мохамадтың қызы банк ашпақ болғанда, бетінен салып жіберіп: «Мен билік жүргізіп тұрған кезде бала-шағамның ешқайсысы не саясатқа не бизнеске бармайды», ­– деп кесімді үкім айтыпты. Заң нормаларымен шектемей-ақ, адамдар осындай болуы тиіс.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

Түбегейлі демократиялық реформалар әлі алда

– Бұл ­– президенттің өзінің ұсыныстары. Әділет министрінің ешқандай қатысы жоқ. Мұның бәрі мемлекет басшысы өз аузымен айтып жүр. Әрине, енді мұны заңдастару керек. Бірте-бірте парламенттің рөлін күшейтеді.

Бірақ бізде әлі де күшті президенттік билік қала береді. Одан бас тартқан ешкім жоқ. Президенттік вертикаль сол қалпында.

Облыс әкімдері, министрлер тағайындалып отыр. Түбегейлі демократиялық реформалар әлі алда. Біртіндеп соған келе жатырмыз.

Рас, мұндай қадамдар Назарбаевтың кезінде де болған. Бұл жолы радикалды қадам жасалып жатыр. Ол кезде «туыстар билікте болмасын» деген жоқ. Қазір бұл заңмен шегеленбек. ­Бұл ­– өте үлкен нәрсе. Назарбаев тұсындағы туысқаншылдықтың, рушылдықтың алдын алудың бірден-бір жолы – осы.

Әділ, ашық, дауыс ұрланбайтын сайлау ұйымдастырылған кезде бізде демократия салтанат құрады. Оған дейін бәрі ­– фикция.

Тегтер: