Оқ тиіп, жарақат алған Руслан Берденов ауруханадан үндеу жасады

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов аурухана палатасынан әлеуметтік желіге жазба жариялады.
Алматы, NEGE. Берденов дәрігерлерге және өзін қолдаған барша халыққа алғыс білдірді.
«Құрметті шымкенттіктер, қадірлі Қазақстан халқы! Менің басыма түскен ауыр жағдайдан көпшілігіңіз хабардарсыздар деп білемін. Бұл оқыс оқиға маған да, менің отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Алайда, сынаққа толы болған осы уақыт аралығында көптеген адамдардың, әріптестерімнің, тамыр-таныстарымның жанашырлығын, қолдауын, тілектестігін сезіндім. Телефоныма түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі тілеулес жазбалар көңіліме демеу болғанын, күш-қуат бергенін, сергіткенін айтқым келеді. Міне, 3 аптаға созылған ауруханадағы күндерім аяқталып, өзім де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды. Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді. Осы уақыт ішінде мен еліміздің медицинасы көп ілгерілегеніне, шетелдік клиникалардан еш кем еместігіне көз жеткіздім. Ақ халатты абзал жандарымыздың мейірімі мен кәсібилігі де ризашылығымызға әбден лайық. Баршаңыздың қолдауларыңыз бен жанашырлықтарыңызға шексіз алғысымды айтамын» – деп жазды ол инстаграм парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында Шымкент қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әкімдік ғимаратының маңында қастандық жасалған болатын. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Оқ оң жамбасы мен иығына тиген.