Офшордың әуресі: Депутаттың тізімінде «әулеттің адамдары» бар ма?

шығарған.
Жаңа жылдың басында «экс-президенттің отбасы мен оған жақын адамдар елімізден жеке ұшақпен қашты» деген ақпарат тараған. Демек, депутат экс-президенттің туыстарын да меңзеп отыр деп есептеуге бола ма?
М.Раманқұлов.
Депутат былай деді: «Tax Justice network» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған, бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең.
Кейбір мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары каражатты шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша екі жүзден астам іс қозғаған. Алайда, нақты нәтижелері туралы ештеңе белгісіз.
Сонымен қатар, қаңтар қасіретінде кейбір олигархтар Қазақстаннан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға аударғаны туралы ресми емес ақпарат бар».
Депутат М.Раманқұловтың өзімен тілдесу мүмкін болмағандықтан, тілшіміз саясаттанушы Санжар Боқаевтың пікірін сұрады. Оның айтуынша, шетелге ұшақпен қашып кеткен адамдар қарапайым азаматтар емес. Ол қаржысын сыртқа шығарып үлгерген адамдар экс-президенттің туыстары мен оған жақын адамдар болуы мүмкін екенін ескертеді.
С.Боқаев.
«Біз офшорда қыруар қаржы жатқанын әу бастан білеміз. Бірақ ресми ешқандай ақпарат жоқ болатын. Қаржы мониторингі агенттігі қанша ақшаның қайда кеткенін бақылап отыр.
Біріншіден, аталған агенттік «Заңды және жеке тұлғалар осынша қаржыны шетелге жіберді» деп ақпарат беру керек еді.
Екіншіден, бұл сауалды неге «Ақ жол» партиясының қатардағы депутаты көтеріп отыр?
Шын мәнінде, соңғы 2-3 шақырылымдағы бірде-бір депутат өз еркімен сұрақ қойып көрген емес. Сондықтан да мен аталған депутаттық сауалды Мақсат Рахманқұловқа әдейі қойдырып отыр деп есептеймін.
Бұл сұрақты партия төрағасы әрі фракция басшысы Азат Перуашев неге қоймады? Өйткені ол мұндай өткір мәселені көтеруге қорқады. Әйтпесе пиарды жақсы көретін ол бұл мәселені өзі көтерер еді», – дейді С.Боқаев.
Саясаттанушы қазіргі президенттің абыройы Назарбаев әулетінің шетелдегі қаржысын елге әкелуге байланысты екенін айтады.
Коллаж: ғаламтордан.
«Егер Тоқаев Назарбаевтың отбасына қатысты халықаралық қаржы инстиуттары мен банктерге «Біздің елден миллиардтаған қаржы мына мемлекеттерде жатыр. Осыны тексеріп, мән-жайды баяндаңыз. Егер аталған қаржылар заңсыз болса, әзірге тоқтатып қойып, кейін елге қайтаруды сұраймыз» деп сауал жіберетін болса, онда елдегі саяси транзит аяқталды деп есептеуге болады.
Егер осы істі істемей әрі саяси жүйені әшкерелемей, сыртын бояп қана қоя салса, онда елде саяси транзит біткен жоқ деген сөз. Биліктің ең негізгі көрсеткіші «Біз халықпен біргеміз. Өткен жүйенің жалғасы емеспіз» деп ашық айтса, онда олар сыртқа шыққан қаржыны елге қайтару керек. Соңғы жылдары офшорға 200 млрд АҚШ доллары көлеміндегі қаржының кеткенін білеміз. Егер осы қаржының 20 пайызын яғни 1/5 бөлігін қайтаратын болса, онда ол біздің экономикамызға үлкен көмек әрі Тоқаевтың тұңғыш президентке ешқандай тәуелді адам еместігін дәлелдейтін іс болар еді», – дейді ол.
Расында, жемқорлық бойынша сыртқа шыққан қаржыны елге қайтару – өте маңызды шаруа. Міне, осы шаруаны Қасым-Жомарт Тоқаев атқара ала ма?
Өздігінен артық сөз айтпайтын депутаттардың бір-ақ сәтте батыр бола қалуы шынымен де күдік тудырады. Дегенмен де Мәжіліс депутатының бүгінгі батыл сауалын Назарбаев әулетінің ғана емес, басқа да олигархтардың шетелге заңсыз шығарып әкеткен қаржысын елге қайтарудың алғашқы қадамы деп үміттенейік.