«Облыс әкімінің орынбасарына қатысты іс басқа сипат алуы мүмкін»
Өткен аптаның аяғында Nege.kz порталында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамуновқа қатысты мақала жарияланған. Онда редакцияға хабарласқан ақпарат көзінің «облыс әкімінің орынбасары Р.Мамуновты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері «пара алды» деген күдікпен ұстағаны» жайлы дерегі айтылады. Мұны бірқатар БАҚ көшіріп басты.
Жексенбі күні Руслан Мамунов Фейсбук желісіндегі парақшасына былай деп жазды: «Мен, Мамунов Руслан Маратұлы, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, БАҚ-та және әлеуметтік желідегі жарияланымдарға байланысты мынаны мәлімдеймін:
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіме және «Ақтөбе» СПК жетекшісі ретіндегі жұмысыма байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ешқандай тергеу шарасын жүргізіп жатқан жоқ. Төрт жыл бұрынғы іс бойынша куәгермін. Мені ешкім ұстаған жоқ, Нұр-Сұлтан қаласында шаруалармен жүрмін. Бостандығыма қатысты ешқандай шектеу жоқ.
Менің ар-ожданыма селкеу түсірген жарияланымдарға байланысты сотқа шағым түсіремін. Бұл істің шындығына көз жеткізіп алмай, жариялағандары үшін».
Руслан Мамунов әлеуметтік желідегі осы жазбасынан соң ақтөбеліктерге бейнеүндеу жолдап, Бас прокуратураға шағым түсіретінін де жеткізді.
Ақпарат көзінің мәлімдеуінше, осы іске байланысты түсініксіз жайттар көп. «Бұл іске үшінші тарап араласа бастады. Сондықтан іс мүлдем басқа сипат алуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын» деді редакцияға хабарласқан оқырманымыз.
Осы істің мән-жайын білмекке Nege.kz порталы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың және Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің атына ресми сауал жолдайды.