11 Наурыз 18:41
...

«Нұрланның жолы». Экс-депутат НЕГЕ өкпелі?

Фото:

Nege.kz порталында экс-депутат Нұрлан Әлімжанов туралы «Нұрлан Әлімжанов Нұр-Сұлтан әкімдігінен жұмыс сұрап жүр» деп аталатын шағын мақала жарияланған-ды. Осыған байланысты редакцияға өзін «Әлімжановтың тікелей менеджерімін» деп таныстырған Динара Оразбаевадан хат келді.

Мақалада былай дегенбіз: «2019 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланған Н.Әлімжанов саясатқа білек сыбанып кіріскендей. Біршама уақыттан бері бос тұрған Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасына басшылық ету үшін өтініш білдіріпті. Одан өзге тағы екі үміткер бар. Үміткерлермен қала әкімдігі 11 наурыз күні әңгімелеседі. Елбасы Н.Назарбаевтың рөлін сомдап өнерде бағы жанған Әлімжанов енді бағын мемлекеттік қызметте сынап көруге бел шешкендей».

Н.Әлімжанов Елбасы Н.Назарбаевпен

Бұрынғы депутаттың шамына тиген не нәрсе екенін біз түсінбедік. Бәлкім, сіз түсінерсіз, менеджері былай дейді: «Мен, Оразбаева Динара Токтархановна, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер, композитор және әнші Нұрлан Әлімжановтың менеджерімін. Сіздерден nege.kz аккаунтындағы 2021 жылдың 9 наурызында жарияланған «Нұрлан Әлімжанов Нұр-Сұлтан әкімдігінен жұмыс сұрап жүр» деген постты алып тастауды сұраймын. Бұл ҚР Конституциясы 18-бабының 1-бөлігі бойынша жеке өмірге қол сұқпау, абырой мен беделді қорғау, сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабының («Қорлау») талаптарын бұзып отыр».

«Бұрынғы депутат қай жерде және қашан қорланды?» деген сұрақ көлденеңдеп тұр. Ары ойлап, бері ойлап, мақаладағы соңғы сөйлем Нұрлан Әлімжановтың намысына тиген болуы мүмкін деп шештік. Ол мынау: «Елбасы Н.Назарбаевтың рөлін сомдап өнерде бағы жанған Әлімжанов енді бағын мемлекеттік қызметте сынап көруге бел шешкендей».

Егер шынымен де осылай болса, «Актер, композитор және әнші Н.Әлімжанов Елбасының жас кезіндегі рөлін сомдауға НЕГЕ келісім берді?» деген қарсы сұрақ көлбеңдейді.

Актер Н.Әлімжанов. «Путь лидера» фильмінен.

Неге өкпелегенін экс-депутаттың өзінен сұрап-білгіміз келген. Алайда «ашулы менеджерден» мынадай жауап естідік: «Нұрлан аға сіздермен сөйлесуге міндетті емес! Нұрлан аға туралы өтірік информация жазуға кім право берді?! «Жұмыс сұрап барды» деп, сіздер Нұрлан ағаның қасында болдыңыздар ма?! Нұрлан аға жұмыс сұрап барған жоқ. Проблема керек болмаса, өшіріп тастаңыздар!».

«Ашулы менеджердің» айтуынша, Нұрлан ағасы Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне жұмыс сұрап барған жоқ, әкімдік оны өздері шақырды. Нұр-Сұлтанның әкімдігі әртісті өздері шақырды ма, жоқ па, оны әкім Алтай Көлгіновтен сұрап білеміз.

Тілші кейбір жайтты экс-депутаттың өз аузынан естігісі келетінін айтқаны сол-ақ екен менеджері дүрсе қоя беріпті: «Жеке шығып сөйлесетіндей өздеріңізді кіммін деп тұрсыздар?!».

«Ашулы менеджердің» жүйкесін одан әрі жұқарта беруді жөн санамай, бұрынғы депутаттың НЕГЕ өкпелегенін өз бетімізше зерттеп көрмек болдық.

Тілшіміз алдымен билік партиясы «Нұр Отанның» баспасөз қызметіне хабарласты. Баспасөз қызметінің өкілі бұған қатысты былай деді: «Нұрлан Әлімжанов – экс-депутат. Қазір ол депутат емес. «Нұр Отанның» мүшесі. Ол бір жыл ғана депутат болды, и все. Өз еркімен кетті. Басқа жұмыспен айналысам деп шешті. Бізде праймериз болды, Нұрлан Әлімжанов қатысқан жоқ мысалы».

Экс-депутаттың не себепті өкпелегенін өзі мүше партиядан анықтай алмаған соң, ҚР Парламентінің Мәжілісіне де телефон шалдық. Осы жерден әлдененің құлағы қылтиғандай болды...

ҚР Парламентінің Мәжілісі

«Нұрлан Әлімжанов қазір Мәжіліс депутаты емес. Алтыншы шақырылым депутаттарының мерзімі аяқталып, жаңадан сайлау болды. Сол себепті ол кетті», – деді Мәжілістегі баспасөз қызметінің өкілі.

Байқасаңыз, басқа жұрт бес жылға сайланса, Нұрлан Баянғалиұлы бар-жоғы бір жылдан асатын мерзімге ғана депутат болған. Ал енді депутаттықтан тым ерте кеткен адамның жұмыс іздейтіні түсінікті ғой. «Путь лидера» фильмінде жас Нұрсұлтанның рөлін сомдаған актер Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінен жұмыс сұраса, оның несі айып? Әлде мұнда біз түсінбейтін тағы бір түйткіл бар ма?

Мұны «ашулы менеджері» емес, экс-депутаттың өзі түсіндіріп берер, бәлкім...    

Тегтер: