Нұрлан Ноғаев: Маңғыстаудағы жұмыссыздық деңгейі – 4,9%

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев орталық коммуникациялар қызметінде соңғы 5 айдың қортындысымен бөлісті. Әкімнің сөзіне сенсек, Маңғыстау халқының жағдайы біршама жақсарған. Ішкі және сыртқы әуе рейстері тұрақты жұмыс істеп тұр. Жұмыссыздық мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді.
29 маусым күні Маңғыстау облысында жұмыссыз тұрғындар жолды жауып, 30-ға жуық жұмыссыз адам «Маңғыстаумұнайгазға» баратын автожолды бөгеп, жұмысқа алу талабын қойған болатын.
Артынша ҚР Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына Маңғыстау облысындағы еңбек даулары туралы сауал жолдаған еді. Бүгін журналистердің дені Маңғыстау әкімне осы мәселе төңірегінде сұрақ қойды.
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, Маңғыстау облысында дәстүрлі тау-кен, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, туризм, көлік-логистика саласында жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі бар.
«Соның ішінде мұнай-газ саласындағы босаған жұмыс орындарына 882 жаңа жұмысшы қабылданды. Жылдың аяғына дейін 1600-ден астам жұмысшы алуды жоспарлап отырмыз. Бірақ бүкіл жұмыссыздарды мұнай-газ саласына кіргізу мүмкін емес. Бізді қабылда деп отырған азаматтардың көбінің тиісті білімі немесе біліктілігі жоқ. Соны ескеріп, мекемелер өздеріне қажетті мамандарды дайындау курстарын ұйымдастырып жатыр», – деді әкім.
Әкімнің айтуынша, Жаңаөзен қаласында жұмысыздықпен күрестің жеке алгоритмі бар.
«Сол алгоритм бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ол жұмыстардың ашықтығын, әділдігін тазалығын қамтамасыз ету үшін оны цирфлық форматқа көшіру қолға алынған, жалғасып жатыр. Сәйкесінше жоғарыда аталған салалардың дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлкен септігін тигізеді деп отырмыз. Мысалы жылы жағажайда ашылған жұмыс орындарында 800-ден астам маңғыстаулық жұмыс істеп жатыр. Бұл тәжірибе алу жөніндегі, жаңа біліктілік алу жөніндегі мәселелерді шешуге ықпал етеді», – деді Нұрлан Ноғаев.
Қазір аймақтағы жұмыссыздық деңгейі – 4,9%. Жыл басынан бері 11 557 жұмыс орны құрылды, оның 6 741-і тұрақты. Қалған жұмыс орындары шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің есебінен қосылған. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы аясында 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, 5 мыңы жұмысқа орналастырылған.
Сондай-ақ, былтыр «Жұмыс жасаймын» өңірлік жобасы басталған. Биыл оған жергілікті бюджеттен 955,5 млн.теңге бөлініп, 646 тұрғын тұрақты жұмысқа кірді. Сонымен қатар, Президент тапсырмасына сәйкес, биыл «Алғашқы жұмыс орны» жобасы және Жастар тәжірибесіне қатысу уақыты 12 айға, жалақы мөлшері 30 АЕК дейін ұлғайтылды. Бұған қоса, 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтардың бизнес-идеяларын іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттардың көлемі 200 айлық есептік көрсеткіштен 400 АЕК дейін көбейтілді.
Маңғыстаудың қалалары мен аудандарының жұмыспен қамту орталықтары Ресейдің «Татнефть» компаниясымен бірлесіп, 1-3 маусымда Ақтау және Жаңаөзен қалаларында кездесу ұйымдастырған. Сұхбатқа 531 адам қатысып, 190 адам бойынша оң шешім қабылданды. Оларды кезең-кезеңімен жұмысқа орналастыру үшін тиісті шаралар қабылданатын болады. Жалпы, компания 600-ден астам адамды жұмысқа алуды жоспарлап отыр екен.