Нұрлан Ноғаев: Біздің міндет – мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру

Бүгін, 1 қарашада өңір басшысы Нұрлан Ноғаев мүмкіндігі шектеулі адамдармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі. «Сұрақ – жауап» форматында өткен жиынға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Кездесуде мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан мүгедектікті, жәрдемақыны тағайындау,жәрдемақы тағайындау, басқа өңірлерге барып емделуге квота бөлу, жол жүруге жеңілдіктер беру, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта құру мәселелері көтерілді.
Өңір басшысы ҮЕҰ-ды мүмкіндігі шектеулі жандарды емдеуге жағдай жасау үшін жұмыстарға белсенді араласуға шақырды.
Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға бұрын салынған ғимараттарды мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімдеуді және қазір салынып жатқан жаңа нысандарға пандустардың стандартқа сай орнатылуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға, оның ішінде мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше назар аударуды, олар үшін тең мүмкіндіктер жасауды тапсырған болатын.
2019 жылы барлық нысандарды пандустармен жабдықтау туралы заң қабылданғанына қарамастан, бұл мәселеге немқұрайлы қараған фактілер бар. Жұмысты барынша жандандыру қажет. Біздің міндетіміз-бұрын салынған ғимараттардың көпшілігін мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеу. Бірінші кезекте бұл мемлекеттік мекемелерге қатысты - мен келесі жылы мемлекеттік органдардың барлық ғимараттарын мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болуын тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, өңір басшысы құрылыс нысандарын пайдалануға беру кезінде комиссия құрамына мүмкіндігі шектеулі жандарды қосу туралы тапсырма берді.
Жиын барысында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жиналғандарға barierovnet.kz жобасы туралы айтып берді. Бұл краудсорсингтік карта - қалалық ортаның мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қаншалықты қол жетімді екендігі туралы халықты ақпараттандыруға арналған.
Жиналғандар Нұрлан Ноғаевқа мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғайтын кеңесші тағайындауды ұсынды. Облыс әкімі бұл бастаманы қолдайтынын айтып, бұл қызметті атқара алатын үміткерді өздері таңдауға ұсыныс жасады.
Кездесу қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.