4 Қараша 18:26
...

«Жапон мамандарымен байланыстамыз» – Ұранхаев Семейдегі аспалы көпірдің жөндеу жұмысына қатысты пікір білдірді

Нұрлан Ұранхаев
Фото: ОКҚ

ОКҚ алаңында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Семейдегі стратегиялық маңызы зор нысанның бірі – аспалы көпір. Қаланың мақтанышы саналатын аспалы көпір ТМД мемлекеттерінің ішінде жалғыз, ал әлем бойынша көлемі жөнінен 17-ші орынды иеленеді.

1998 жылы Ертіс арқылы салынатын көпір құрылысының жобасына халықаралық тендер жарияланып, нәтижесінде әлемге танылған жапондық компания бас мердігерлікті жеңіп алып, көпір құрылысын қолға алған еді. Көпір құрылысымен, негізінен, жапондық «IHI Corporation» фирмасы айналысты. Жапонияда жасалған көпір қаңқалары алдымен су жолымен, сосын теміржолмен Семейге тасымалданған. Жалпы, екі ел арасындағы келісімге қарай, Жапония мемлекеті көпір құрылысына 165 млн доллар бөлген.

2000 жылы салынған аспалы көпірге содан бері жөндеу көрмеген. Ал жақында Семейдегі аспалы көпірді жөндеуге жапон мамандары көмектесетіні туралы ақпарат жарияланды. Нысанды тексерген шетелдік инженерлердің айтуынша, көлік өткеліндегі 90 метрлік бағаналарды жалғайтын арқандар тозған. Енді оның сырты суға төзімді материалмен қапталады. Көпірдің асфальт жабындысын да жаңалау керек.

Семей
en.wikipedia.org

Жапон мамандары аспалы көпірдің жөндеу жұмыстарына араласпайтын болды деген де ақпарат тарады. Осы мәселеге қатысты Абай облысының әкімі Нұрлан ҰРАНХАЕВ Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында тілшіміздің сауалына жауап берді. 

«Аспалы көпірдің жобалық-сметалық құжаты келесі айдың аяғында шығады. Келесі жылы күрделі жұмысқа қаражат сұрап, министрлікке өтініш жібереміз. Жапон мамандары жөндеу жұмыстарына араласпайды деген жалған ақпарат. Жапон делегациясы Семей қаласында болды, зерттеу жұмыстарына қатысты, өз көздерімен көріп шықты. Қазір олармен ұдайы байланыстамыз. Жобалық-сметаның құжаттамалары дайын болғаннан кейін оларға тағы бір мәрте көрсетеміз. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстары Жапон мамандарының бақылауымен жүреді. Көпір темірден жасалған, сол себепті асфальт жабысып тұрмайды. Кезінде осы технологияны жапондықтар жасады, сол үшін оларды міндетті түрде шақыртып, бірге жұмыс істейтін боламыз», - деп жауап берді  Нұрлан Ұранхаев.

Ақпан айында Семейдегі аспалы көпірде деформациялық жіктің орнында жарық пайда болғаны туралы айтылған. Әкімдік мамандары ешқандай қауіп жоқ екенін, бірақ көпір тәулік бойы бақылауда болатынын мәлімдеді. 2024 жылғы 18 ақпанда Абай облысы Семей қаласындағы аспалы көпірді тексеру нәтижесінде «көпір тіректерінің жағдайы қанағаттанарлық, қауіп анықталған жоқ» деген қорытынды шықты. 

Сонымен қатар , Семей қаласын дамытудың бас жоспары бекітілді. Құжат цифрлық форматта әзірленді.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, биыл 67 аула мен 4 қоғамдық кеңістік жаңартылды. Мұхтар Әуезов алаңы жөнделді. Облыс құрылған сәттен бастап 105 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттерін жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Семейдің өзіне тән ерекшеліктері болған. Ол барша жерлестеріміздің жадында сақтаулы. Естеріңізде болса, былтыр аралдағы балалар теміржолын қайта жаңғыртамыз деп айтқан едім. Темір жол құрылысы аяқталды. Вагондар мен локомотив алынды. Жоба іске қосылуға дайын. Сол сияқты аспалы көпір маңындағы Аквапарк те, семейліктердің сүйікті демалыс орны болған. Оны да жеке инвестор есебінен жаңартқымыз келеді», - деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Сонымен қатар, облыстың елді мекендерін көгалдандырудың өңірлік жоспары бекітілді.

Абай облысының әкімінің айтуынша, 9 айдың қорытындысы бойынша өңірдің даму көрсеткіштерінің өсуі байқалады.

«Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша өңірде көрсеткіштердің өсуі байқалады. Өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы – 105,3%», - деді Нұрлан Ұранхаев. 

Көрсеткіштер:

– үлкен өсім құрылыс саласында (131,6%), өнеркәсіпте (102,6%), ішкі саудада (110,5%), ауыл шаруашылығында (106,4%), инвестицияларда (100,5%) тіркелді; 

– 237 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 мың отбасы баспаналы болды.

– орташа айлық жалақы 2-тоқсанның қорытындысы бойынша 12,3%-ға өсіп, 340 мың теңге болды.

– 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік бюджетке 294,9 млрд теңге салық түсті. Оның ішінде, республикалық бюджетке 197 млрд теңге түсті.

Өңір әкімі Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, 2028 жылға дейінгі инвестициялық жобалар пулы жасақталды, оған 7 мың жұмыс орнын қамтитын 2 трлн теңгенің 23 жобасы енгізілді. Бүгінде 7,5 млрд теңгенің 6 инвестициялық жобасы іске асып, 225 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 1,6 млрд теңгеге тағы 2 жобаны енгізу жоспарлануда.