Нұрғанат Ғайыпбаевтың ауруханада айғақ берген видеосы рұқсатсыз түсірілген

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Алматы, NEGE. Кешегі сот отырысында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың өзін және інісі Шерзатты кім пышақтағанын айтып, айғақ берген видеосы көрсетілген болатын. Бүгін сол видеоны түсірген Талғар аудандық полиция басқармасында криминалдық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Медет Әділжан сотта жауап берді.
- Тақырыпқа орай: «Шерзатты Шынасыл Абзал, өзін Тоқтаубаев Азамат пышақтады деп көрсетті» – Нұрғанат Ғайыпбаевтан жауап алған тергеуші сотта куәлік етті
Сотта куәлік еткен полицейге мемлекеттік айыптаушылар видеоға қатысты бірнеше сұрақ қойды.

Прокурор: Ғайыпбаев сол жерде өзінің айтып тұрған сөздері мен іс-әрекетін түсіне алды ма?
Медет Әділжан: Ол кісіні сол уақытта бірінші рет көргендіктен, мен нақты айта алмаймын. Бірақ, ол еркін сөйлесті.
Прокурор: Видеоның ар жағында «Денсаулығы жоқ қой, айта аламайды» деп жатқан ер адамның даусы естілді ғой...
Медет Әділжан: Видеоның соңына таман ағасы келді. Ағасы: «Бауырымды мазаламай-ақ қойыңыздар. Өйткені, ол жарақатпен жатыр», - деді.
Прокурор: Сіз видеоны түсіретін кезде жәбірленуші Ғайыпбаевты ескерттіңіз бе? Құқықтары мен міндеттері түсіндірілді ме?
Медет Әділжан: Жоқ, ескертпедім.
Прокурор: Жалпы, бейнежазба түсірілетін кезде қылмыстық іс тіркелді ме? Қылмыстық істің тіркелген-тіркелмегенін білдіңіз бе?
Медет Әділжан: Ол уақытта тіркеліп тұрған.
Прокурор: Видеожазбаны түсіретін кезде тергеушімен арнайы қаулы шығарылды ма? Ол қаулымен сіз таныстыңыз ба? Қаулыны орындау үшін сізге жолданды ма?
Медет Әділжан: Видео жазбаға тергеуші тарапынан ешқандай қаулы болмады. Біздің жұмысымыздың мақсаты – қылмысты ашу, куәгерлер мен күдіктілерді анықтау. Сол мақсатта бейнежазбаны түсірдім.
Прокурор: Яғни, ешқандай қаулы шығарылған жоқ қой?
Медет Әділжан: Қаулы шығарылған жоқ.
Прокурор: Сізге бейнежазба түсіру керек деген жеке тапсырма берілді ме?
Медет Әділжан: Берілген жоқ.
Прокурор: Тергеу сотымен жасырын тергеу әрекетін жүргізуге қаулы шығарылды ма?
Медет Әділжан: Жоқ.
Прокурор: Іс бойынша екі рет жедел тергеу тобы құрылған. Сол құрамда сіз барсыз ба?
Медет Әділжан: Жоқ.
Прокурор: Сіз Қылмыстық-процестік кодекстің 198-бабына байланысты мұндай іс-әрекет жасау үшін тергеуші бірінші қаулы шығаруы керек екенін білдіңіз бе?
Медет Әділжан: Білемін.
Прокурор: Тергеу сотының қаулысы жоқ болса, онда мұны құпиясыздандыруға да ешқандай қаулы шығарылмаған. Дұрыс па?
Медет Әділжан: Бұл видеомен ары қарай біз айналыспадық. Өйткені, полиция департаментінің тергеу басқармасы істі алды.
Прокурор: Осыншама заң бұзушылықтар бола тұра түсірілген видеоны не мақсатпен түсірдіңіз?
Медет Әділжан: Бұл видеоны жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін түсірдім. Түсіруіме себеп болған заңның нақты бабын айта алмаймын. Қылмысты ашу мақсатында керек болады деп түсірдім.
Прокурор: Бұл видеоны түсіру жөнінде өзіңіздің басшылық құрамыңыздан рұқсат алып, сөйлестіңіз бе?
Медет Әділжан: Жоқ, ол уақытта ешкімнен рұқсат алған жоқпын. Өйткені, азамат Ғайыпбаевпен бірінші барып сөйлескен мен болдым. Сол уақытта әрбір сұрақты бейнежазбаға түсірдім.
Прокурорлардан кейін жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев полицей Медет Әділжанға бірнеше сұрақ қойды.
Қорғаушы: Біз видеодан Ғайыпбаевтың әрең сөйлеп жатқанын көрдік. Сіз оның медициналық жағдайы қандай екенін сол жердегі емдеуші дәрігерлермен сөйлесіп, білдіңіз бе?
Медет Әділжан: Иә, медбикелер сол жерде жүрді. Сөйлесе ала ма деп жағдайын сұрадық. Олар: «Мына палатада жатыр, сөйлессеңіздер болады», - деді. Сол кезде Ғайыпбаевтан өзіміз де сұрадық.
Қорғаушы: Сіз түсіріп жатқан кезде медбике қасыңызда отырды ма?
Медет Әділжан: Жоқ, ол болмады.
Қорғаушы: Сіз ол видеоны 4 қазан түсіргенсіз, 15-і күні іске тіркелген. Сол не себепті тек 15-і ғана тіркелді?
Медет Әділжан: Тергеушінің сұранысы бойынша.
Қорғаушы: Егер ол қылмыстық істің шеңберінде жасалған әрекет болса, неге сіз бірден бермедіңіз?
Медет Әділжан: Осы іс бойынша барлық мағлұматты жинау барысында өзімдегі барлық мәліметпен бөлістім. Сол уақытта тергеуші менен осы видеоларды алды.
Қорғаушы: 15-не дейін Ғайыпбаевтан ресми жауап алынып қойды ма?
Медет Әділжан: Ол жағын білмедім.