Нұрбибі Нұрқаділова: Бұл фамилия әлі күнге дейін иығымызға ауыр жүк болып тұр
Марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің немересі Нұрбибі Нұрқаділова Threads желісінде әкесі Қайрат Заманбекұлы туралы жазба жариялады. Оның айтуынша, атасының көзі тірісінде әкесінің айналасында жүрген адамдар көп болған, ал қазір олардың көбі байланысқа шықпайды.
Астана, NEGE. Нұрбибі әкесі 59 жасында жұмыс іздеп жүргенін айтып, бұған қатты қынжылатынын жеткізді. Сөзінше, әкесі кезінде өзі көмектескен адамдардан жұмысқа орналасуға жәрдем сұраған, алайда олардың көбі қазір жауап бермейді.
«Кілең бас тарту, елемеу және менсінбеу. Атам тірі кезде, әкем бәріне керек еді, ал бүгін өмір оны жол жиегіне ысырып тастағаны өкінішті. Бүгін әкеммен тағы кездестім. Тағы да атамның әрекеттері оған, бізге қалай әсер еткені туралы сөйлестік. Оның көңілі қалған, үміті үзілген жанарын тағы көрдім. Тағы да бұған қатысы барлардың бәріне ашуландым. Әлі күнге дейін бұл фамилия иығымызға ауыр жүк болып тұр. Өкінішті», – деп жазды Нұрбибі.
Желі қолданушылары жазба астында түрлі пікір қалдырған. Бірі оны қолдаса, енді бірі әкесі мансабын өзі құруы керек еді деген пікір жазған. Бұған Нұрбибі: «Әкеме мансап жасауға ешкім мүмкіндік берген жоқ. Әлі күнге дейін мүмкіндік бермей отыр», – деп жауап берді.
Еске салайық, Заманбек Нұрқаділов – қазақстандық саясаткер және қоғам қайраткері. Ол Алматы қаласының, Алматы облысының әкімі болды, сондай-ақ Қазақстанның Төтенше жағдайлар агенттігін басқарды. 2005 жылы өз үйінде оқ жарақаттарымен өлі табылды.
2024 жылы Алматы облысының Кеген ауылында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнатылып, Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылды. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен жүзеге асқан.
2026 жылы Заманбек Нұрқаділовтің жары Мақпал Жүнісова Президенттің қолынан ІІ дәрежелі «Барыс» орденін алды. Бұл әншінің Ақордаға алғаш рет келуі еді.
-
Тақырыпқа орай: «Бұл – тарихқа ревизия жасаудың басы» – Депутаттар пікірі