Нұрбанк акционерлері екінші жыл қатарынан дивиденд төлеуден бас тартты
Нұрбанк 28 мамырда өткен акционерлер жиналысының шешімін хабарлады. Басым дауыспен 2025 жылдың қорытындысы бойынша алынған 11,5 млрд теңге таза пайданы бөлмеу туралы шешім қабылданған.
Астана, NEGE. Осылайша акционерлерге дивиденд төленбейді, ал табыс өткен жылдардың бөлінбеген пайдасына есептеледі. Мұндай шешім екінші жыл қатарынан қабылданып отыр. Өткен жылы да Нұрбанк акционерлері 2024 жылға дивиденд төлеуден бас тартқан.
Биыл 48,9 мың жай акцияның иесі бұл шешімге қарсы дауыс берген. Telegram-дағы «Ручная экономика» арнасының мәліметінше, дивиденд төлемеуге қарсы болған тарап БЖЗҚ активтерін басқарушы болуы мүмкін. Зейнетақы қорының соңғы есебіне сәйкес, оның инвестициялық портфелінде дәл осындай көлемде Нұрбанк акциялары бар.
Нұрбанктің пайдасы өткен жылы 19%-ға төмендеген. 2020 жылы банк мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында 46,8 млрд теңге алған. Өткен жылы банк мемлекетке 4,5 миллиард теңге көлеміндегі соманы өтеген.
Айта кетейік, банк акцияларының 78%-ына J. P. Finance Group компаниясы арқылы Эльдар Сәрсенов иелік етеді. Ал 10%-ы Марко Бланушқа, тағы 6%-ы JA Collection Company компаниясына тиесілі.