24 Желтоқсан 11:50
...

Нұрәли Әлиев ұшып жүр. «Транстелеком» НЕГЕ акционерлер жиналысын өткізе алмады?

Нурали
Фото: Фото: Nege.kz

«Транстелеком» АҚ желтоқсан айында осымен үшінші рет акционерлер жиналысын кейінге шегерді. Себебі кворум жиналмайды. Компанияның негізгі акционері Нұрәли Әлиев жиылысқа қолын бір сермегенге ұқсайды.

Нұрәли Әлиевтің инстаграмына қарасақ, ол үш күн бұрын ұшақ илюминаторынан түсірген видео салған. Оның басқа елде ұшып жүргені анық байқалады. Бірақ 8 желтоқсан күні Алматы тауларынан түсірген фотосы бар.

интсграм
Фото: Нұралы Әлиев инстаграмынан Алматы тауларының посты

Осыған қарағанда, ол 8 желтоқсаннан кейін елден ұшып кетіп, 12-19 желтоқсанға жоспарланған акционерлер жиылысына келмей қойғанын аңғарамыз.

касе
Фото: Kase.kz

Тура осындай жағдай 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін қайталанған болатын. Шетелге кетіп қалған Нұрәли Әлиев ұзақ уақыт бойы «Транстелеком» АҚ акционерлерінің жиналысына қатыспай, компания шешім шығара алмай жүрді. Сол жылдары «Транстелекомның» жағдайы нашарлап, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 11,1 миллиард теңге шығынға батқан еді.

Алайда 2023 жылы компания өз тарихында рекордты жетістіктерге жетіп, жыл қорытындысы бойынша 10,7 миллиард теңге таза кіріс алды. Осы табыс бойынша акционерлерге дивиденд төлене ме, ол жағы белгісіз. Мысалы, 2022 жылдың нәтижесі бойынша кіріс болмағандықтан дивиденд төленбеген болатын. Осы желтоқсанға шақырылған акционерлер жиылысы 2023 жылғы дивиденд мәселесін шешуі тиіс еді. Бірақ бәрі кейінге қалды.

Алиев
Фото: Nege.kz

«Транстелекомның» 75 пайыз үлесі Нұрәли Әлиев пен Дмитрий Покупателев иелік етіп отырған «Unit Telecom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолында. Ал қалған 25 пайыз үлесін мемлекеттік «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ұстап отыр. ҚТЖ-ға «Транстелекомнан» аз болса да дивиденд алған дұрыс болар еді. Себебі, өзі ауыр халде екенін өткен мақалада жазған едік.

Бір сөзбен түйіндесек, Нұрәли Әлиевтің шетелде қыдырып, акционерлер жиналысына қатыспай жүргені мемлекетке зиян келтіруде. Себебі, ҚТЖ-ға өз дивидендін алу, осы мәселеге қатысты шешімге араласуы керек. Алайда кворум жоқта, бұл мүмкін емес.