Белгілі нумеролог Қазақстанның қиындықтан қашан шығатынын айтты

2020 жыл әлем елдері үшін қиындықтармен қатар келді. Жыл басы табиғи апаттармен басталып, Қытайдан шыққан індетпен жалғасып жатыр. Әлем халқын алаңдатқан пандемияның беті қашан қайтары бәріміз үшін жұмбақ.
«Коронавирус шығыпты» деген ақпарат тараған кезде ғалымдар «күн жылынғанда вирус жойылады» деген болжам жасаған еді. Күн жылынса да, вирустың әсері әлсіреген жоқ. Керісінше, күн санап мыңдаған адам жұқтырып жатыр.
COVID-19-ға қатысты түрлі болжамдар айтылып, сараптамалар жүргізіліп, вирустан сақтанудың жолдары жайлы басылымдар жарыса жазуда. Осы ретте біз де 2020 жылы болып жатқан басты оқиғалар жайында сандарды сөйлетіп көрген едік. Коронавирусты жеңудің мүмкіндіктері мен елімізде болып жатқан жағдайларға нумерология не дейді?
Nege.kz тілшісінің сұрақтарына белгілі нумеролог Құралай Бақытқызы жауап берді.
– Әлем бойынша 2020 жылдың жыл саны – 4. Нумерология бойынша, 4 саны – медицина, денсаулыққа жауап береді. Демек, 2020 жыл нумерологиялық болжам бойынша денсаулықты күту, сауықтыру жылы болып есептеледі. Ал Қазақстан үшін 2020 жылға қатысты 13 саны түсіп тұр. Оны ауыр жыл деп есептеуге де болады. Бұл қиындықтардың қаншалықты созылатыны да анық емес. Дегенмен, бұл қиындықтан шығуға бір жылдан астам уақыт кетеді, – дейді Құралай Бақытқызы.
2020 жылға қатысты саяси ахуалға байланысты сұрағымызға нумеролог жауап беруден бас тартты. Дегенмен биыл өтетін Парламент сайлауына қатысты сауалымызға төмендегідей болжам айтты:
«Биыл саясат үшін қолайсыз жыл. Өйткені, 13 саны түсіп тұр. Мұндай жағдайда қате шешімдер қабылданып қалуы мүмкін. Жалпы, биыл қандай да бір шешім қабылдар кезде өте сақ болған жөн».
Ал экономикалық жағдайға қатысты нумерологтың жауабы бойынша, қаржылық қиындықтар келер жылдың маусым айына дейін жалғасады.
– Қазақстан үшін экономикалық ахуал 2021 жылдың екінші жартысынан ары қарай жақсарады. Оған дейін бізде қаржылық деңгей төменде тұр, – дейді нумеролог.
Құралай Бақытқызының болжамы бойынша 2021 жыл Қазақстан үшін тәуір жыл болады.
«Дегенмен, 2021 жылдың бірінші жартысы ауырлау болады. Одан ары қарай барлық ахуал жеңілдене бастайды», – дейді Құралай Бақытқызы.
Сонымен қатар, билікке қатысты қойған сауалымызға нумеролог былай жауап берді:
«Әзірге биліктің ауыспағаны дұрыс. Қазіргі таңда елдің жағдайы мазасыз. Биылғы жыл көбірек денсаулықты күтуге арнаған жөн. Сондай-ақ, жағдайы төмен отбасыларға көбірек көмек берген дұрыс. Жалпы, нумерологиялық есептеулерге сәйкес, биылғы жылды «әлеумет және денсаулық жылы» деп атауға болады».
Бұл – жалпы, осы жылға арналған нумерологиялық есептеудің нәтижесінде шыққан болжам ғана. Әзірге, індеттің нақты қашан қайтатыны, саяси һәм экономикалық дағдарыстың қай кезде басылатыны белгісіз.