28 Желтоқсан 09:00
...

2025 қандай жыл болады? – Нумеролог пікірі

Нумерология
Фото: Коллаж: NEGE

Нумерология – бұл сандардың адам өміріне, мінезіне, тағдырына әсерін зерттейтін ғылым. Көпшілікке  келер  жылдың қандай болатыны, сандар не дейтіні қызық. NEGE  тілшісі  нумеролог Дина Болатованы әңгімеге тартты. Ол сандардың күшін түсіндіріп, олардың адамның өміріне қалай әсер ететінін айтып берді.

–  Дина, 2-3 күннен кейін 2024 жылмен қоштасып, 2025 жылға аяқ басқалы тұрмыз. Нумерология бойынша бұл жыл қандай болады?

– Нумерология бойынша 2025 жыл «9» санына жатады. Яғни 2+0+2+5=9. Ал 9 – нумерологиялық циклдың соңғы саны. Ол соңғы сан болғандықтан 2025 жылы барлығы аяқталуы керек. Яғни, әлемде болып жатқан барлық кикілжіңдер, соғыстар, түсініспеушіліктер аяқталады. 2024 жыл өте ауыр және «карма жылы» болса, 2025 жыл соның шешімін тауып, нүктесін қоятын жыл болмақ.

Бірақ бір нәрсені ескеру керек, 9 саны адамның қатты жақсы көретін нәрсесінен айыруы мүмкін. Мысалы, сіз тек жұмысыңызға ғана көңіл бөліп, басқа құндылықтарға мән бермесеңіз, дәл сол көңіл бөлмеген құндылығыңыздан айырылып қалуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан, келер жылда тепе-теңдік ұстау өте маңызды. Тағы бір кеңес берейін, ескі нәрселерден құтылыңыз. Бұрын өмір жолыңызда кездескен, әлі ұмыта алмай жүрген жандарды ұмытыңыз.

Нумеролог
Д.Болатова. Фото: әлеуметтік желіден

Кез келген адам 2025 жылы өмірім қалай өзгереді деп ойлайды. Мұны түсіну қиын емес, тек қарапайым математика қажет. Айталық, туған күніңіз бен айыңызды қосып санаңыз, шыққан санға 9 санын қосыңыз. Мысалы, 12.05 деп алайық, (12+5+9=26). Енді 26 санын біркелкі санға келтіру керек (2+6=8). Егер келер жылға 8 саны шықса,  жасаған барлық жақсылықтарыңыз да, жамандықтарыңыз да сізге екі есе боп қайтады.

– Бес жыл бұрын да Жаңа жыл қарсаңында елімізде ұшақ апаты болған. Екі күн бұрын Ақтауда тағы ұшақ құлады. Неге мұндай апаттар қайталанып жатыр? Сандар не дейді? 

 – Шынымен де жаңа жыл қарсаңында қайғылы оқиғалар көп болады. Байқасаңыздар, 2024 жыл өте ауыр жыл болды. Соғыс өршіді, көп адам өлді, қылмыс көбейді, жыл соңында ұшақтың құлады. Неге десеңіз, 2024 жыл 8 санына тиесілі (2+0+2+4=8). Бұл – «карма саны». Яғни адамзаттың бұған дейін жасаған жамандығы осы жылы екі есе болып қайтты. Сондықтан да бұл жыл тым ауыр болды. Керісінше, кейбір адамдарға осы жылдың шапағаты көп тиді, себебі олар бұрын көп жақсылық жасаған.

Ақтау
Ақтау маңына құлаған ұшақ. Фото: ғаламтордан

Күні кеше болған ұшақ апатының бірнеше себебі бар. Мысалы, ауа-райының қолайсыздығы, құстар немесе кейбір БАҚ айтып жатқандай шабуылға ұшыраған болуы мүмкін. Нақты себебін «қара жәшікті» тексергеннен кейін ғана білеміз. Бірақ нумерологиялық тұрғыдан алғанда, тағы да сол 8 санына барып тірелеміз. Салтанат Нүкенованың өлімі мен соты, Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қабылдануы, Шерзаттың өлімі, әлемде болып жатқан қақтығыстар, түйткілді президенттік сайлаулар, ұшақ апаты, тағысын-тағылар. Мұның бәрі осы 8 санына байланып тұр.

–  Биыл P. Diddy оқиғасы әлемді дүр сілкіндірді. Ел ішін Бишімбаевтың соты сілкінтті. Осы оқиғалар туралы не айтасыз?

–  P. Diddy-дің нумерологиялық матрицасына назар аударсақ, онда 4 пен 11 сандары көп. Еркектің матрицасында 4,7,11 сандары болса, ондай адамнан қорқу керек. Бұл сандардың иелері зорлық-зомбылыққа жақын, түрлі шектен шығатын фантазияларға бейім болады. 4 саны «аркан-император», 11 саны «аркан-сила» деп аталады. Мысалы, қазір қамауда отырған Қуандық Бишімбаевтің матрицасында да осы сандар көп.

Нумерология
Қ.Бишімбаев. Фото: ғаламтордан

– «Зорлықшылар белігілі бір күні туады-мыс» деген болжам бар. Сонда ол қандай күн болуы мүмкін?

– Иә, көп жағдайда, зорлық-зомбылыққа жақын адамдардың туған күндері белгілі бір санға тиесілі болады. Айталық, 4 санының иелері (4, 13, 22, 31 күндері) мен 7 санының иелері (7, 16, 25 күндері) және 11-і күні өмірге келгендер. Бұлар басқаларға қарағанда өте ашушаң болады және бұларда сексуалдық энергия көп. Әйткенмен, бес саусақ бірдей емес. Егер осы күні туған адамдар энергиясын жақсы бағытқа жұмсай алса, істері оңға басады.

– Павел Дуров, Илон Маск сияқты ақылды әрі бай адамдарға қандай сан тиесілі? 

– Павел Дуров, Илон Маск сияқты ақылды, ақшалы адамдар көбінесе 1, 5, 8 сандарына ие. 1 саны «лидерлер саны» деп аталады, олар – жауапкершілігі мол бастықтар, артынан командасын алып жүретін адамдар (1, 10, 28 күндері туғандар). Ал 5 санының иелері (5, 14, 23 туылғандар) идеясы көп, стресске бейім, адамдармен тез тіл табысып, қолдауды тез жинап алады, кітап көп оқып, басқалар білмейтін нәрселерді біліп тұрады. Ақылды адамдар дүниеге келетін тізімде 8 санын ұмыту мүмкін емес. 8, 17, 26 күндері туғандар кәсіпкерлікке бейім болады. Себебі, олардың мыйы ешқашан дамыл таппайды.

Нумерология
Илон Маск. Фото: ғаламтордан

– Нумерологтар 2024 жылды «карма жылы» деп атап, жастарға отбасын құрмауға кеңес берген еді. 2025 жыл жастар үшін қандай болмақ?

– 2024 жыл шынымен де отбасын құруға қолайсыз жыл болып есептеледі, оны «Кібісе жыл» («Високосный год») деп атайды. 2016 жылы да осындай болған. Ал 2025 жыл отбасын құруға оңтайлы. Нумерологияда отбасын құру күнін таңдау да маңызды. Көбісі 11.11, 04.04.24 сияқты әдемі күндерді белгілейді. Бірақ бұл дұрыс емес. Одан да таңдаған күннің тағдырын білу маңыздырақ. Ол күнді былай анықтаймыз: мәселен, таңдаған датаңыз мынау делік – 15.01.2025. 1+5+0+1+2+2+5=16. Ал 2025 жылы отбасын құруға оңтайлы сандар – 3, 6, 8, 10, 15, 16, 18, 19, 20, 21.

– 2025 жылы Қазақстанда қандай өзгерістер болуы мүмкін?

– Алдағы жылы Қазақстанда түбегейлі өзгерістер болмайды, себебі биылғы жыл еліміз үшін өте ауыр болды. Ауыртпашылықтардың бәрі артта қалады, ал 2025 жыл мамыражай болмақ. Сондықтан негізсіз қорқынышқа бой алдырудың қажеті жоқ.