NU Азиядағы үздік университеттер рейтингісінде тағы да көш бастады

2025 жылғы Times Higher Education беделді рейтингінің нәтижесі бойынша, Назарбаев Университеті Азияның таңдаулы жоғары оқу орындарының қатарынан табылып, Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап қалды. Аталған жетістік 2025 жылғы 23 сәуірде Макаода өткен Times Higher Education Asia University Rankings марапаттау рәсімінде ресми түрде танылды.
Астана, NEGE. Салтанатты шарада рейтингтің халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Фил Бейти университет президенті Вакар Ахмадқа арнайы сертификат табыстады.
“Times Higher Education ұйымының NU-ды Орталық Азиядағы ең үздік университет ретінде мойындауы – біздің ғалымдар, студенттер, қызметкерлер, қамқоршылық кеңес және басқа да мүдделі тараптардың ортақ еңбегі. Алдағы жылдары біз осы беделді рейтингтерде одан да жоғары көтерілуді жоспарлап отырмыз”, – деді NU президенті Вакар Ахмад.
Биыл рейтингке 1213 университет қатысқан, бұл өткен жылғы 1127 оқу орнымен салыстырғанда айтарлықтай көрсеткіш. Азия университеттері 18 түрлі критерий бойынша бағаланды, олардың ішінде: білім беру сапасы, ғылыми орта, зерттеу деңгейі, интернационалдандыру және өнеркәсіппен әріптестік сияқты негізгі бес бағыт бар.
Саммит аясында NU президенті Вакар Ахмад пен профессор Атакан Варол университет қабырғасында жасанды интеллект бағытында жүзеге асырылған жобаларды таныстырды. KazLLM және басқа да AI өнімдері қазіргі таңда белсенді қолданысқа ие. Бұл бастамаларды NU&NIS эндаумент қоры қаржыландырған. Жобалар ел Үкіметінің цифрлық егемендікке ұмтылуына тікелей үлес қосуда.
Сонымен қатар, NU-дың аймақтық беделін арттырып отырған тағы бір маңызды жайт – университеттің Азия елдері университеттері альянсына (AUA) мүше болуы. Бұл қауымдастыққа Tsinghua University, Peking University, National University of Singapore, Seoul National University, The University of Tokyo сынды алдыңғы қатарлы оқу орындары кіреді. NU осы университеттермен ғылыми зерттеу, академиялық алмасу және қос диплом бағдарламалары бойынша ынтымақтастығын кеңейтіп келеді.