«Ініме дауыс беріңізші» немесе онлайн-алаяқтар қалай жұмыс істейді?

Өмірде жоқ балаларға және жалған конкурстарға дауыс беруді сұрайтын хабарламалар – кең таралған алаяқтық схема. Бұл мақалада оның қалай жұмыс істейтінін және алдаудың мұндай түрінің құрбаны болмау үшін не істеу керектігін айтамыз.
Қалай жұмыс істейді?
Болашақ құрбанға WhatsApp немесе Telegram арқылы таныс адамнан мынадай мазмұндағы хабарлама келеді: «Сәлем! Настяға дауыс берші, ол – менің сіңлім. Конкурсқа қатысып жатыр еді, жеңіске аз ғана дауыс жетпей тұр». Хабарламаға міндетті түрде дауыс беретін сайттың сілтемесі қосылады.
Онда балалардың фотосуреттері мен дауыс санағыштары бар, сондықтан шынайы көрінуі мүмкін.

Дауыс беру үшін телефон нөміріңізді және SMS арқылы келген кодты енгізуіңіз қажет. Ол әрекетті жасасаңыз алаяқтарға WhatsApp немесе Telegram аккаунтыңызға кіру мүмкіндігін бересіз. Одан кейін қаскөйлер сіздің атыңыздан фишингтік сілтемелер жібереді немесе басыңызға қиындық туғаны туралы ойдан шығарылған оқиғаларды айтып жақындарыңыздан қарызға ақша сұрауы мүмкін.
Маған хабарлама жіберген танысым – алаяқ па?
Жоқ. Қылмыскерлер сіздің танысыңыздың аккаунтын бұзып, оның атынан хабарламалар таратып жатыр. Егер сіз оларға сеніп, сілтемеге өтсеңіз, олар сіздің де аккаунтыңызға қол жеткізуі мүмкін. Бұдан кейін дәл осындай хабарламалар сіздің атыңыздан да жіберілуі қаупі бар.
Мен сілтемеге өттім, бірақ ешқандай код енгізбедім – бұл алаяқтар емес пе?
Кейде алаяқтарға сіздің мессенджеріңізге кіру үшін код енгізудің қажеті жоқ. Мысалы, кейбір жағдайларда «дауыс берушілерден» Telegram арқылы «тексеруден өту» сұралады. Ол үшін пайдаланушылардан телефон нөмірін енгізу және QR-кодты сканерлеу талап етіледі. Осылайша, аккаунт алаяқтардың қолына өтеді.
(https://www.securitylab.ru/blog/personal/xiaomite-journal/354483.php)
Мен сілтемеге өттім және нөмірімді енгіздім, бірақ мессенджерді әлі де қолдана аламын. Демек, бәрі дұрыс па?
Алаяқтар сіздің аккаунтыңызды басқару үшін оны толықтай бұғаттамай-ақ, басқа құрылғыдан кіруі мүмкін. WhatsApp пен Telegram сияқты мессенджерлер бірнеше құрылғыда бір уақытта жұмыс істей алады. Яғни, сіздің смартфоныңызда да, алаяқтардың ноутбугында да аккаунтыңыз ашық тұруы мүмкін.
Егер мен сілтемеге өтіп, телефон нөмірімді енгізсем – не істеуім керек?
Егер алаяқтар сіздің мессенджеріңізге қол жеткізген болуы мүмкін деп күдіктенсеңіз, «Баптау» бөліміне өтіп, «Қосылған құрылғылар» тармағын таңдаңыз, содан кейін «Барлық құрылғылардан шығу» түймесін басыңыз. Осылайша, мессенджер тек сіздің құрылғыңызда ғана жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар, аккаунтыңызды екі факторлы аутентификация арқылы қорғауға болады. Мұны аккаунттың «Баптау» бөлімінде орнатуға болады.
Менің атымнан алаяқтық хабарламалар таратылып жатыр – не істеуім керек?
Туыстарыңыз бен жақындарыңызға аккаунтыңыздың бұзылғанын хабарлаңыз. Оларға қарызға ақша сұрамағаныңызды және сізден келген сілтемелерге өтпеу керектігін түсіндіріңіз.
Дауыс беру шын немесе алаяқтық екенін қалай білуге болады?
Егер сізден конкурсқа қатысып жатқан біреуге дауыс беруді сұраса және сенімді болмасаңыз, хабарлама жіберушіге басқа мессенджер арқылы немесе қоңырау шалу арқылы хабарласыңыз. Шынында да қолдау қажет пе, әлде бұл алаяқтардың ісі ме – анықтаңыз.
Менің таныстарым «менің өтінішім» бойынша алаяқтарға ақша аударып қойды. Банк ақшаны қайтарып бере ала ма?
Жоқ, егер аударым өз еркімен жасалса, банк оны қайтара алмайды. Аударымды алушының келісімінсіз қайтару Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңымен тыйым салынған.
Егер сіз алаяқтарға ақша аударған болсаңыз, құқық қорғау органдарына жүгінгеніңіз жөн.
Кейде алаяқтар өз құрбандарынан әлдеқайда ақылды болып көрінуі мүмкін, ал қауіпсіз болу өте қиын сияқты сезіледі. Бірақ, шындығында, бұл олай емес. Киберқылмыскерлердің құрбаны болмас үшін, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, тіпті оларды сізге таныстарыңыз жіберсе де. Егер сізден қарызға ақша сұраса, сұраушының шынымен сол адам екеніне көз жеткізу үшін өзіне қоңырау шалыңыз.
Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, өзіңізді, ақшаңызды және жеке деректеріңізді қорғайсыз.
«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» кампаниясы аясында балалар конкурстары мен басқа да дауыс беру арқылы жасалатын алаяқтық туралы жаңа бейнеролик шықты. Алаяқтардың қалай әрекет ететінін көріңіз.
Еске салайық, Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен адамдар алаяқтардың құрбаны болмас үшін алаяқтықтың ең кең таралған тәсілдері туралы роликтер сериясын түсірді. Жаңа видеолар әр екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасында шығады.