Никол Пашинян Қазақстан президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қарағанды облысындағы Костенко шахтасындағы апаттан болған адам шығынына байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Арменпресс агенттігі.
Алматы, NEGE. «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада кеншілердің қаза болуына әкеп соққан апат туралы хабарды үлкен күйінішпен қабылдадым. Армян халқының және жеке өз атымнан қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, жанашырлық пен қолдауымды білдіремін. Оларға шыдамдылық, күш пен қажыр-қайрат тілеймін» деп жазылған жеделхатта.
Еске салайық, бүгін түнде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Сағат 17.33-тегі мәлімет бойынша 33 кеншінің денесі табылды,13 адам іздестіріліп жатыр. 20 жұмысшы ауруханаға жеткізілді.
Апатқа байланысты Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Франция президенттері мен Түркия Сыртқы істер министрлігі көңіл айтты.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы қайғылы оқиғаға орай көңіл айтқан барлық шет мемлекеттер басшылары мен қазақстандықтарға ризашылығын білдірді.