Нидерландта ондаған бала Nutrilon қоспасынан уланып қалған
Елде отыз шақты ата-ана баласының Nutrilon қоспасынан уланғанын айтып, шағымданған.
Астана, NEGE. Балаларда құсу, іш өту, іш ауруы және әлсіздік белгілері байқалған, деп жазады RTL Nieuws.
Ата-аналардың кейбірі баласының ауыр белгілермен ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған.
Баласы уланып қалған ата-аналардың бірінің айтуынша, ұлы шамамен үш айдай Nutrilon қоспасын ішкен. Оның сөзінше, бала балабақшада өзін жайсыз сезініп, екі жедел жәрдем көлігін шақыруға тура келген.
Рената есімді әйел де ұлының осы қоспадан уланып қалғанына сенімді.
«Тамақтандырған соң бір жарым сағаттан кейін ұлымды төсектен көтергенімде, ол құса бастады. Мұндай жағдай ешқашан болмаған, бала оған дейін ауырмаған, дене қызуы да болмаған. Кешке таман іші өте бастады. Тек жаңалықтарды көргеннен кейін ғана біздің қоспаның кері қайтарылған партияға жататынын түсіндім», – дейді ол арнаға берген сұхбатында.
Балалар тағамын өндіретін Danone компаниясы бірер күн бұрын Nutrilon өнімінің 14 түрі кері қайтарылатынын мәлімдеді. Барлығы 44 партияны қайтарып алу жөнінде шешім қабылданған.
Бұған себеп – қоспаның құрамында церулид токсинінің шамадан тыс көп болуы мүмкін деген күдік.
Францияда екі нәрестенің өліміне қатысты жағдай тергеліп жатыр. Алайда қайғылы жайттың балалар қоспасына қатысы бар-жоғы әзірге анықталмаған.
Danone компаниясының мәліметінше, Nutrilon өнімдеріне байланысты аурудың расталған жағдайлары тіркелмеген. Сондай-ақ өнімге қатысты ата-аналардан немесе медицина қызметкерлерінен ешқандай шағым түспеген.
Компания өкілдері балалар тағамы қауіпсіздік пен сапа стандарттарына сәйкес өндірілетінін және мұқият тексеруден өтетінін атап өтті. Бұған қоса қандай да күмән туындаған жағдайда дәрігерге жүгінуге кеңес берілді.
Еске салсақ, бұған дейін балалар тағамын өндіретін Nestle компаниясы құрамында улы зат болуы мүмкін деген қауіппен біраз өнімін кері қайтарып алғанын хабарлаған едік.