New York Times ұсынған «Ең үздік 10 кітап-2019»
NEGE.KZ үшін АҚШ-тан Ербол Молдажан
Жыл сайын The New York Times үздік кітаптар тізімін жариялайды. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, «Ең үздік 10 кітап-2019» номинациясы бойынша өз нұсқасын ұсынды. Таңдалған туындылар қазіргі әлемдік саясат пен қоғамдағы ең күрделі мәселелер турасында. Бұл шығармалар кітапқұмар оқырманға таптырмас бағдар болары сөзсіз.
Валерия Луизелли. Жоғалған балалық естелік
(түпн.: Lost Children Archive, by Valeria Luiselli)
Шығарма дағдарыс кезінде болған оқиғаны баяндайды. Ересектерсіз босып жүрген балалар шекарада ұсталып, қамауға алынады. Кенет шығармада ерлі-зайыптылардың диалогы шыға келеді. Олар екі баласымен Нью-Йорктен Мексика шекарасына дейін жетіп, сол жерде (шығармада аты аталмаған) балаларын жоғалтып алады. Кері шегініс тәсілімен жазылған туынды арқылы автор саясат қателіктері мен қиындықтарының балалар тағдырындағы таңбасын көрсеткісі келген. Олар жазықсыз еді ғой деген үндеу салады.
Сара М. Брум. Сары үй
(түпн.: The Yellow House, by Sarah M. Broom)
Бұл шығарма таза мемуарға құрылған. Сараңдық, дискриминация, адамдардың бір-біріне деген немқұрайлы көзқарасы мен қаланың нашар құрылымын сипаттайтын шығарма. Бұл сипаттамалар ақыр соңында автордың үйін жойып жібергенімен бітеді. Әңгіменің өзегі – 60-жылдары Жаңа Орлеанда болған Катрин дауылында жапа шеккен автордың өткен шағы. Автор өткендегі қателіктерді түзеп, Жаңа Орлеанның және Американың болашақ бейнесін қалыптастыру керектігін айтқысы келген.
Адам Хиггинботам. Чернобыльдегі түнжарым
(түпн.: Midnight in Chernoby, by Adam Higginbotham)
Хиггинботамның 1986 жылғы сәуірде болған Чернобыль апаты туралы әңгімесі ғылым мен техника тоғысқан триллер жанрында жазылған. Қателіктер, еленбеген жайттар, суреттелген жеке тұлғалар осы апаттың себебі болғанын айтады.
Джулия Филлипс. Жойылып бара жатқан Жер
(түпн.: Disappearing Earth, by Julia Phillips)
Бұл – автордың дебюттік романы. Камчатка төңірегіндегі оқиға романға арқау болған. Алғашқы бөлімінде апалы-сіңлілер аяқ астынан іс-түссіз жоғалып кетеді. Апта, айға созылған іздеу жұмыстары еш нәтиже бермейді. Бұл сюжетті осыған дейін жоғалған қыз-келіншектердің оқиғалары жалғайды. Әр кейіпкердің өмірінің астаң-кестеңі шыққан: бірі жеке басы оқиғасымен, бірі рухани жарақат алған, бірі эмоционалды түрде жапа шеккен, бірі тым күрделі – қылмыс. Адамзаттан адамгершілік жоғалса, Жер де бір күні жоқ болады деген жанайқай естіледі.
Рэйчел Луиз Снайдер. Зорлыққа жол жоқ
(түпн.: No Visible Bruises, by Rachel Louise Snyder)
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүгінгінің эпидемиясы деп баға берген көріністерді автор шығармасына өзек еткен. Америкада адам қолынан мерт болған әйелдердің жартысының өліміне «сүйіктілері» кінәлі деп танылған. Үйдегі зорлық-зомбылық дін, ұлт, нәсіл деген ұғымдарды айтады. Автор осындай жайтқа кезіккен не бақилық болған адамдардың өмірін салыстырып, адамзатты адамгершілікке шақыратын кеңес пен ақпарат береді.
Бен Лернер. Топека мектебі
(түпн.: The Topeka School, by Ben Lerner)
Бұл туындыдан бұрын автордың «Аточа бекетін тастап…» және «10:04» деген екі романы жарық көріп, америкалық әдебиеттің салмағын еселеген. Адам Гордан есімді әдеби қаһарманның өмірі мен оның дінге, қоғамға, әлемге деген көзқарасы баяндалады. Анасы – феминист, әкесі – психолог. Ал олардың баласы Адам кез келген пікірсайыстың жеңімпазы. Сол себепті өзі оқитын мектептің жұлдызына айналады. Пікірсайыс кезінде кейіпкер айтқан масқаралық, сын, әжуә және келеке оны қалай жұлдыз еткенін баяндайды. Өзгеше ойланатын бұл кейіпкер (мектеп оқушысы) мен психолог ата-анасы қандай деңгейде пікір алмасады? Роман сол туралы.
Тед Чан. Дем
(түпн.: Exhalation, by Ted Chiang)
Уақыт кеңістігінде саяхаттайтын жинақта 9 ерекше оқиға баяндалған. Әр оқиғадан ғылыми теорияны талдағандай әсер аласыз. Әрқайсысы өз алдына философиялық сұрақ тудырады. Автор әр оқиғада баяндалған мекендерде гид секілді жетекші болып, жол нұсқап отырады. Аты айтып тұрғандай, бір деммен оқылатын кітап.
Кевин Барри. Танжерге апаратын түнгі қайық
(түпн.: Night Boat to Tangier, by Kevin Barry)
Испан жағалауындағы паром терминалында өрбіген оқиғадан оқырман лирика мен мұңды философия күтеді. Алайда екі жағымсыз кейіпкердің (гангстер) өткеніндегі шытырман оқиғалар бұл әсерді өзгертуі мүмкін. Кенет өмір әңгімесі басқа арнаға бет бұрады. Екі гангстер сол паромнан сұлу аруды күтіп алу керек еді. Алайда ол екеуінің өмірін қалай өзгертуі мүмкін деп ойлайсыз?
Патрик Радден Киф. Тіс жармау
(түпн.: Say Nothing, by Patrick Radden Keefe)
Шығарма өмірде болған оқиға ізімен жазылған. Бетперде киген қарақшылар 38 жастағы жесір ана Джин Макконвилді 1972 жылы өз үйінен алып шыққан. Оқиға осы жерден басталады. Автор Джиннің өлімін Солтүстік Ирландиядағы қайғылы оқиғаның өзегі ретінде қолданады. Даудағы екі тараппен жеке сұқбаттасқан автор осы кезеңдегі қайғылы оқиғаның себебін ашып, түсіндіреді.
Лео Дамрош. Клуб
(түпн.: The Club, by Leo Damrosch)
Бірде ағылшын суретшіcі Джошуа Рейнольдс салы суға кеткен Сэмюэль Джонсон есімді досының көңілін көтермекші болады. Екеуі жұма күні кешкісін лондондық Head's Turk тавернасында кездеседі. Алайда дәл сол күні осы жерде 18-ғасырдың жарық жұлдыздары бас қосатынын олар білмеген еді. Тарихшы Эдвард Гибсон, актер Дэвид Гаррик, биограф Джонсон Джеймс Босвелл және екі дос аталған мейрамханада қызықты әңгімелерін айтады. Автор «Жұлдыздар шоғырын» жасай алды ма?