«Неткен қамсыздық!» – Әртістер Жалпыұлттық аза тұту күні қайда болды?
Жалпыұлттық аза тұту күні болды. Әлбетте, бұл күні ту төменге түсіріліп, ойын-сауық тоқтатылды. Дегенмен, желіде әртістердің кейбірі келін түсіріп, бірі сырға салып, енді біреулері той-томалақта ән шырқап жүргені белгілі болды.
NEGE тілшісі өнер адамдарының бірқатарына хабарласып көрді.
Шахизада БАЙБАТШАНОВА, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші:
Бұл – қазақ елі үшін орыны толмас трагедия
– Кеншілердің отбасы мен қан жұтқан бала-шағасын ойлап, ет жүрегім езіліліп отыр. Ағайын-туыстарының жанайқайы төбе құйқаңды шымырлатады. Асыраушысынан айырылған олардың ендігі жағдайы не болмақ?! Бұл – қазақ елі үшін орыны толмас трагедия.
Бұған дейін де дәл осындай жағдай бірнеше рет болды. Енді қашанға жалғаса береді? Ана жақта біреудің қалтасы толса, мына жақта қазақтың қайғысы артып жатыр. Биліктегілердің тоқтам қоятын түрі бар ма? «АселорМиттал Теміртау» адам қанынан қорықпайтын, ешкімнің сөзінен тайсалмайтын қандай компания?
Кеше Аза тұту күнінде балаларымның қасында болып, ұрпағымыздың саулығын, қазақ халқының нәубаттан аман болуын тіледім.
Асқар НАЙМАНТАЕВ, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, сатирик:
Митталға қазақтың көз жасының құны көк тиын
– Қазір ауруханада жатырмын, қатты сырқаттанып қалдым. «Батпандап кірген дерт, мысқалдап шығады» деген рас екен, бетім бері қарағандай болды, дегенмен қалыпқа келуім қиын болып жатыр.
Қарағандыдағы қаралы хабарды естігенде төбемнен жай түскендей болды. Мұның бәрі отыз жылғы салғырттық пен қазақты ойламайтын немқұрайдылықтың салдарынан болған жайғдай деп білемін. Оған сол баяғы қазақтың байлығын өзгенің қолтығына қыстырып, билеп-төстеп келген билік кінәлі.
Митталға қазақтың көз жасының құны көк тиын. Оған қалтасы толса болды. Бұл биліктегілерге білек сыбана бір тоқтамға келетін әрекет жасауға түрткі болса екен деймін.
Әсем КӨПБАЕВА, «Тенгри» тобының солисі:
Үш күн бұрын ғана Қарағандыдан Алматыға оралған едік
– Біз 25 қараша күні ғана Қарағандыдан Алматыға оралған едік. Ол жақтағы жергілікті әкімдік Республика күніне орай шақырту жіберіп, концертке қатысып қайттық. Ал 28-і күні шахтада жарылыс болғанын естігенде сең соққандай, сенделдік те қалдық.
Ақпарат құралдарынан көріп-біліп жатырмыз, шахтадағы құрылғылар Кеңес заманынан қалған ескі-құсқы екен. Ондай жерде қайдағы қауіпсіздік?!
Бір адамның салғырттығы бірнеше адамның басын жалмады. Қаншама арман, қанша болашақ жермен жексен болды. Сонша адамның қанын арқалап жүру оңай дейсіз бе? Кінәлі адамға да Алланың алдында жауап беретін кез келеді.
Кеше Аза тұту күні үйде шелпек пісіріп, қаза болған жандардың рухына тағзым еттік. Біздің одан басқа қолымыздан не келеді?
Ақжол МЕЙІРБЕКОВ, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші:
Етек-жеңімізді жинайтын уақыт болды ғой!
– «Қарметкомбинатта» болған жағдайды аяқасты болған дүние деп ойламаймын. Қауіптің алдын-алуды о баста ойлау керек еді. Қауіпсіздік мәселесі сол жердің қожайыннан талап етілуге тиіс еді. Қазба байлықтардың көзін жаппай шетелдіктерге ұстатып қойған. Безбүйрек заманда біреуге-біреудің жаны аши ма?
Мемлекет басшысы бұдан былай Лакшми Митталға қатысты кен орындары мемлекет меншігіне өтетінін айтты. Үкімет те өз кезегінде туған-туыстарына жәрдем беріп, балаларын оқытып, кредиттері кешіріліп, үй беріледі дегенді айтып жатыр. Сол игі істі кеншілерге көзі тірісінде жасау керек еді.
Жазда Абай облысындағы болған өрт те қабырғамызды қайыстырды. Техникаларының ішінде суы да жоқ, құрылғылары да түгел емес, салдарынан қанша адам ажал құшты.
Арыс қаласында болған оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс та жұртты аяғынан тік тұрғызды.
Етек-жеңімізді жинайтын уақыт болды ғой. Неткен қамсыздық! Осыған миым жетпейді.
Редакциядан: Жұрт қайғыдан қан жұтып, аза тұтып жатқанда кейбір әртістер той-томалақта сайран салып жүргені туралы деректер қолымызда бар. Аты белгілі әншінің продюсер шешесі арқа-жарқа тойлап, құдалықта жүрген...