17 Желтоқсан 16:55
...

Несиеге қатысты даулы мәселесі бар қазақстандықтарға көмектесетін институт іске қосылады

Несие
Фото: ғаламтордан

Қазақстанда микроқаржы ұйымдармен (МҚҰ) қарыз алушылар арасындағы соталды дауларды шешу үшін Микроқаржылық омбудсмен институты құрылатын болады, деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Алматы, NEGE. Биыл Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар заңнамалық өзгерістерді қабылдады.

Соның ішінде микроқаржы омбудсманы институтын құру бар, ол 2024 жылғы 21 желтоқсаннан бастап өз жұмысын бастайды.

Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау және дауларды сотқа дейін реттеуге көмектесу. Микроқаржы омбудсманы қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелерді қарайды.

Омбудсманның көмегіне тек микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) клиенттері – жеке тұлғалар жүгіне алады. Оның қызметтері тегін болады. Омбудсман тәуелсіз төреші ретінде әрекет етіп, дауларды сотқа жүгінбей шешуге ықпал етеді.

Бұл ретте омбудсман қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы мен қарыз алушы орындауға міндетті. Егер тараптардың келісімімен басқа мерзім белгіленбесе микроқаржы омбудсманының шешімі 30 күннің ішінде орындалуы керек.

Микроқаржы омбудсманының құзыретіне сотқа жолданған істер немесе заңды күшіне енген сот актілері кірмейді. Сондай-ақ дәлелденбеген жағдайлар бойынша немесе жаңа мән-жайлары анықталмай қайта жолданған өтініштер қаралмайды.

Микроқаржы омбудсманының қызметі микрокредит беру нарығын құқықтық алаңда дамытуға ықпал етеді. Бұл институт микроқаржылық ұйымдарды заңнаманы сақтауға және қызмет көрсетудің озық тәжірибелерін енгізуге ынталандырады. Айта кетейік, қазіргі уақытта елде банк және сақтандыру омбудсмандары жұмыс істейді.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанда микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 220 ұйым, 215 кредиттік серіктестік және 497 ломбард бар.